Еліміздің төрт өңірінде «Түнгі сот» жұмыс істейді - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 360,72

EUR 409,95

РУБ 5.36

Еліміздің төрт өңірінде «Түнгі сот» жұмыс істейді

Еліміздің төрт өңірінде «Түнгі сот» жұмыс істейді

Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында «Түнгі сот» пилоттық жобасы іске қосылды.

Кешкі сағат 6:30-нан 10:00-ге дейін жұмыс істейтін судья жол-көлік оқиғаларына қатысты мәселелерді қарап, барынша жылдам шешім қабылдайды.

Осыдан бір жарым ай бұрын іске қосылған жоба еліміздің 4 аймағында жұмыс істеп тұр. Астана, Алматы, Өскемен және Ақтөбе қалаларында жол-көлік оқиғаларының басым бөлігін «Түнгі сот» қарастырады. Осыған орай Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Ішкі істер департаментімен арнайы меморандумға қол қойып, азаматтардың уақытын үнемдеу мақсатында бірлесе әрекет етуде.

Мәдениет Омарбекова, Астана қалалық сотының судьясы:

- Бұл жоба Сингапурдың тәжірибесіне сүйеніп жасалған. Сингапурдағы түнгі сот аптасына 4 күн жұмыс істейді. Заманауи бастама «Сот жүйесінің 7 тасы» жобасы негізінде қолға алынды. Қазіргі уақытта біздің сот күнделікті қызмет көрсетеді. Себебі жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі. Биылдың өзінде 9 мыңға жуық іс қаралған.

Көлік апаты болған жағдайда құқық бұзушы кінәсін мойындаса, құжаттар әкімшілік полицияда қарастырылып, кейін сотқа жолданады. Осылайша сот шешімі шығарылып, үкім сақтандыру компаниясына жіберілгенге дейін 3 ай уақыт өтеді. Ал «Түнгі сот» бар болғаны 15 күн ішінде шешім қабылдайды. Бастысы, тараптар кешкі уақытта сотқа келуге келісім беруі тиіс.

Ұлдана Сүлейменова, қалалық Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот судьясы:

- Жүргізушілер алғыстарын айтып жатыр. Себебі осындай түнгі соттың қарауында олар екі аптаның ішінде тез арада шығындарын өтеп алады. Екіншіден, жұмыстарынан сұранбайды. Соттың отырысы тез өтеді. Себебі кінәсін мойындап тұрғаннан кейін 10-15 минуттың ішінде сот қарап шығады.

Көлік жүргізушілері мұндай бастама уақытты үнемдеп қана қоймай, шығындарды да азайтатындығын алға тартып отыр.

Жоба іске қосылғалы бері 400-ге тарта іс қаралған. Егер бастама тиімділігін көрсетсе, еліміздің барлық аймағында «Түнгі сот» қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ мұнда көлік оқиғаларынан бөлек, отбасылық-тұрмыстық өмірдегі жағдайлар мен көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтар қаралады.

Авторлары: Айнұр Ақылбайқызы, Наурыз Базаров, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 әлеуметтік желілерде