«Кедергісіз келешек»: Мәулен Әшімбаев Астананың өзге өңірлерге үлгі болуы керектігін айтты - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 360,72

EUR 409,95

РУБ 5.36

«Кедергісіз келешек»: Мәулен Әшімбаев Астананың өзге өңірлерге үлгі болуы керектігін айтты

«Кедергісіз келешек»: Мәулен Әшімбаев Астананың өзге өңірлерге үлгі болуы керектігін айтты

Бас шаһардағы әлеуметтік нысандар мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуы мен ғимарат ішіндегі қозғалысына қолайлы болуы керек.

Осы мақсатта елордада 164 нысан халықаралық талапқа сәйкестендіріліп жатыр. Бұл туралы бүгін Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мәлімдеді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен жиында «Кедергісіз келешек» жобасын жаңғырту мәселесі сөз болды. Мүгедектер үшін кедергісіз орта қалыптастыру ісіне маңыз берген партия басшысының орынбасары Астананың өзге облыс орталықтарына үлгі болуы керектігін айтты.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Елордамыз соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатыр. Өткен 20 жылдың ішінде біраз үлкен ғимараттар жасалды, инфрақұрылым салынды. Біраз әлеуметтік мәселелерге қатысты да нысандар салынып жатыр. Енді осы салада да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты да Астана басқа өңірлерге үлгі болып, Астанада жасалған жұмыстарды, шараларды басқа өңірлер пайдаланып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жиын барысында мүгедектер орталығы мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері өз ұсыныстарын ортаға салып, жұмысты жеделдету қажеттігіне тоқталды. Мәселен, қала әкімі Әсет Исекешев ұсынған мәліметке сәйкес, былтыр көше қиылыстарында 200 пандус салынған. Сондай-ақ көзі нашар көретін жандар үшін тактильді тақтатастар төселді. Биыл да осы жұмыстар қарқын алып, 145 жергілікті кәсіпкер шағын және орта бизнес нысандарын жаңғырту жұмыстарын бастап кетті. Айта кетейік, елордада мүмкіндігі шектеулі 23 мыңға жуық жан тіркелген.  

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

- Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында арнайы құрылған топ әлеуметтік нысандар мен сауда орталықтарына мониторинг жүргізді. 2012-2016 жылдар аралығында 400 нысан бақылауға алынса, өткен жылы 705 әлеуметтік нысанның инфрақұрылымына баға берілді. Нәтижесінде нысандардың тек 72 пайызы талапқа сай болып шықты. Олар: 35 денсаулық сақтау мекемесі, 12 спорт кешені, 90-ға жуық білім мен мәдениет ошағы және 400-ге тарта сауда орталығы. Сонымен қатар мыңнан астам қоғамдық көліктің 742-сі ғана жылжымалы пандуспен жабдықталғаны анықталды. «Интерактивті қолжетімділік картасына» тағы 639 нысан енгізілді.

Хабар 24 әлеуметтік желілерде