Павлодар облысының аудан орталығында медициналық қалашық құрылды - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 359,46

EUR 409,95

РУБ 5.43

Павлодар облысының аудан орталығында медициналық қалашық құрылды

Павлодар облысының аудан орталығында медициналық қалашық құрылды

Еліміз бойынша шілденің бірінен тамыз айына дейін жалғасатын «Денсаулық жолы» ұлттық бағдарламасына ауыл халқы үн қосты.

«Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» атты кең көлемді акция Павлодар облысының Шарбақты ауданында өтті. Ұйымдастырушылар көпшілік жиналған бірнеше алаңда флешмобтар мен спорттық жарыстар өткізді. Аудан орталығында медициналық қалашық құрылды.

Шарбақты ауданы үшін бұл күн кішігірім мереке іспеттес. «Денсаулық жолы» шеруіне аға буын өкілдері, жастар мен дәрігерлер қатысты. Дені сау ұлттың келешегі кемел. Табысқа жетудің кілті де осында жатыр дейді ұйымдастырушылар.  

Тұңғышбай Баймаханов, «Салауатты өмір салтын қолдау орталығы» ЖШС директоры:

– «Денсаулық жолы» бүгінгі, ертеңгі ғана жұмыс емес. Бұл халықтың өзінің денсаулығына деген махаббатын өсіру, өзін-өзі қарау.

Бұл жолғы акция жұқпалы емес аурулардың алдын алуға бағытталды. Тұрғындарға зиянды тағамдар туралы ақпарат берілді. Тұз бен қантты, майлы асты көп қолдану түрлі ауруларға себеп болатыны да айтылды. Ауыл халқын артериялық гипертензия, сусамыр және семіздік дерті жайлап барады.

Айгүл Мұқышева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

– Алыс ауылдарға жылжымалы медициналық кешен әкеліп отырмыз. Халықтың денсаулығын тексереміз. Дәрігерлік кеңестер беріп, инструменталдық және зертханалық зерттеулер жүргіземіз. Сырқат анықталса, емдеу, сауықтыру мекемелеріне жолдама береміз.

Бір апта ішінде жылжымалы медициналық кешен Шарбақты ауданының жеті ауылын аралады. Дәрігерлердің айтуынша, халықтың денсаулығы көңіл көншітпейді.

Гүлнәр Иманқұлова, терапевт дәрігер:

– Артериялық гипертензия мен қант диабеті көп анықталып жатыр. Балалар арасында семіздік байқалады. Артық салмағы барлар көп. Мұның бәрі денсаулыққа салғырт қараудан болады.

Дәрігерлер облыс тұрғындарына тұзды тағамдарды азайтып, таза суды көбірек пайдалануға кеңес берді. Күніне 10 мың қадам жаяу жүрудің де пайдасы орасан екені айтылды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Хабар 24 әлеуметтік желілерде