Жұлдыздай жарқ еткен Денис Тенді дүние жүзі жоқтап қалды - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 360,39

EUR 409,95

РУБ 5.43

Жұлдыздай жарқ еткен Денис Тенді дүние жүзі жоқтап қалды

Жұлдыздай жарқ еткен Денис Тенді дүние жүзі жоқтап қалды

Қазақ спорты биік белеске көтерілсе, сол биікте Денис Теннің айрықша үлесі бар.

Жай оғындай жарқ етіп, жоғалған саңлақ спортшының қазасына қазақ жұрты ғана емес, дүние жүзі қайғырып, аза тұтып жатыр. Марқұмды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі 21 шілдеде Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. 

Жұлдыздай жарқ еткен Денис Тен мәнерлеп сырғанау спортының жарық жұлдызы еді. Алматыдан жеткен суық хабар барша қазақстандыққа жайсыз тигені рас. Бүгін таңертең қандықол қылмыскерлердің бірі қолға түсті. Нұралы Қиясов өзінің кінәсін мойындады. Күдікті оқиға орнына жеткізіліп, қылмыстың қалай іске асырғанын айтып берді.

Ізбасар Бектұров, Алматы қалалық ІІД бастығының орынбасары:

- Жүргізілген іс-шаралар мен куәгерлердің берген мәліметі бойынша оқиға орын алған аумақтағы сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктілердің жеке бастары анықталды. Олардың бірі 1994 жылғы Жамбыл облысының тумасы Нұралы Қиясов. Қазір тергеу изоляторына қамалды. 

Полиция Денис Теннің өліміне қатысты екінші күдіктінің суретін жариялаған. Көп ұзамай  екінші күдікті Қызылорда облысының тумасы 24 жастағы Арман Құдайбергенов те қолға түсті.  

Бір жапырақ айна ажалға себеп болғаны қалай? Тал түсте, қаланың қақ ортасында қаскөйлерді кім тайрандатып қойды? Денисті неге жақын орналасқан ауруханаға апармады? Бұл қылмыс елдің ойын сан саққа жүгіртті. Соңғы сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.

Ләзат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Алматы қалалық денсаулық сақтау департаменті берген мәліметтер бойынша, оқиға орнына жақын орналасқан ауруханада жедел-хирургиялық бөлім жоқ. Сондықтан жедел жәрдем көлігі қалалық орталық клиникалық аурухананы бетке алды. Жол бойы медицина мамандары  оны аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. 

Кеше көңіл айту жеделхатын жолдаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Денистің ата-анасымен телефон арқылы хабарласып, қайғыларына ортақ екенін жеткізді. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі телефонға шығып, әке-шешесімен қосып беріп, «кеше телеграмма жібердім, бүгін өзім айтуым керек» деді. Бұл бүкіл елдің бір азаматқа деген сезімінің көрінісі. Өйткені Денис Тен - бүкіл Қазақстанның, бүкіл әлемнің мақтанышы. 

Александр Мин, Д.Теннің ағасы:

- Мы все время любили ловушки делать...вот...тяжело сейчас говорить об этом. 

Чемпионның отбасына қайғырып, көңіл айтып жатқандар көп. Барша қазақстандықтардың, одан қала берді бүкіл әлем жұртының қабырғасы қайысты. Бұл күндері Денис Тенге өлең-жырлар, көркем туындылар арналып жатыр. Марқұммен қоштасу рәсімі 21 шілде күні Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. 

Денис Тен:

- Я прежде всего казах во всех смыслах, ментальности. Я здесь родился. Я принимаю решение исходя из того, как я принимал бы решение, находясь здесь.

Хабар 24 әлеуметтік желілерде