Қостанай облысының Ресеймен шекарасында көліктер ұзынсонар кезекке тұрып қалды - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 360,72

EUR 409,95

РУБ 5.36

Қостанай облысының Ресеймен шекарасында көліктер ұзынсонар кезекке тұрып қалды

Қостанай облысының Ресеймен шекарасында көліктер ұзынсонар кезекке тұрып қалды

Қостанай облысынан Ресейге өтетін негізгі күре жол бойында жүк көліктері тығырыққа тірелді.

Шекараның ар жақ бетінде де осындай жағдай. Аптап ыстықта күні бойы кезек күткен жүргізушілердің төзімі таусыларға шақ. Олар уақыттың басым бөлігін осы шекара бекетінде жоғалтатындығын айтады.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Өздеріңіз көріп отырғандай «Қайрақ» шекара бекетінде кезек күткен жүк көліктерінің шет-шегіне көз жетпейді. Арасында оңтүстіктен Ресейге көкеніс, жеміс-жидек апара жатқан машиналар да аз емес. Жүргізушілердің айтуынша, олар осы жерде 7-8 сағатқа дейін тұрады екен. Кейде түнеп жататын кездері де болады.

Жаһангир Әбдіғаниев, жүргізуші:

- Қазір Шымкенттен келе жатырмыз. Біз осы жерге келеміз де демалуға, осы жерге ыңғайлап, туралаймыз. Не үшін дегенде бұл жерде суткалап жатамыз.

Қайрат Әбдазинов, жүргізуші:

- Ауа райы ыстық болып жатыр. Соншама тауармен күтуде оңай емес. Сол 12 сағаттан жоғары күтіп жатырмыз.

Жаз мезгілі шекара арқылы алыс-беріс, барыс-келіс көбейетіндігі түсінікті жәйт. Мысалы маусым айында  өткен мерзімге қарағанда көлік ағымы 40 пайызға артқан.Бірақ ұзын-сонар кезектің туындауына бұл да себеп емес.   

Өмірбек Қуатов, «Қайрақ» шекаралық бақылау бөлімінің басшысы:

- Қайрақ автомобиль бақылау бөлімінің тәулігіне 2 мың автокөлік және 7 мың адам өткізіледі. Бір автокөліктің бақылаудан өтуіне 5-10 минут уақыт өткізіледі. Бірақ қазіргі уақытта РФ-ның аумағында жол реконструкциясының өткізілуіне байланысты біз автокөліктерді біраз тоқтатуға мәжбүрміз.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Қазақстан мен Ресей шекара бекеттерінің арасындағы мына жер бейтарап аймақ. Шамамен бір шақырымдай аралық көліктерге лық толы. 20-25 минут сайын 7-8 көліктен өткізді дегеннің өзінде бұл жерде бір сағаттай уақыт жоғалтасың.

Бейтарап аймақтың Ресейлік  бөлігіндегі жолды жөндеп жатқандықтан,көліктер бір жолақпен екі жақтан кезекпен өткізіледі. Мұндай кептелістер Бугристый шекара бекетінен әрі асқаннан кейінде кездеседі. Мамырда басталған жолды жөндеу жұмыстары әлі 4-5 айға жалғасады.

Михаил Сафонов, бас мердігер /РФ/:

- Келісім-шарт бойынша бұл нысанды біз 2018 жылдың қараша айында аяқтауға тиістіміз. Бірақ біз оны мерзімінен бұрын қазан айында  тапсырамыз деген ойдамын.

Михаил Поздняков, «Оңтүстік Орал» федералдық автокөлік жолдары басқармасының бас инженері /РФ/:

- Жөнделгеннен кейін бұл екінші дәрежелі жолға айналады. Яғни жүк және жеңіл көліктерге, жеке автобустарға арналған  үш жолақты  болады. Жол бойы жарықтандырылып, 157 жеңіл машиналарға, 117 жүк көліктеріне арналған күту алаңдары салынады. Бұл шекара бекеті арқылы өтуді жеңілдетіп, уақытын қысқартуға сеп болары сөзсіз.

Ал шекара бекеттері арасындағы бейтарап аймақтың жолын ресейліктер бір-екі аптаның жөндеп бітіреміз деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 әлеуметтік желілерде