Елімізде көлікті онлайн тәртіпте тіркеу бойынша бес айда 745 мың қызмет көрсетілген - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 359,46

EUR 409,95

РУБ 5.43

Елімізде көлікті онлайн тәртіпте тіркеу бойынша бес айда 745 мың қызмет көрсетілген

Елімізде көлікті онлайн тәртіпте тіркеу бойынша бес айда 745 мың қызмет көрсетілген

Қазақстандықтар автокөліктерін онлайн тәртіпте тіркей алады.

Портал арқылы өтінім бергенде, ешқандай құжаттың скан-нұсқасын ұсынудың қажеті жоқ. Бұл жаңашылдық қызмет алушылардың уақытын үнемдеп қана қоймай, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы жүктемені азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Ағымдағы жылдың 5 айында көлікті тіркеу бойынша республика көлемінде 745 мыңдай қызмет көрсетілді. Соның ішінде қызылордалықтардың да үлесі қомақты. Бүгінде сырбойылықтарға үйден шықпай-ақ цифрлы қолтаңба арқылы көлік құжатын рәсімдеуден бөлек, жүргізу куәлігін алу, алмастыру жолдары үйретіліп жатыр.

10 жылдан бері темір тұлпар тізгінін басқаратын Раушан Әбжанова жүргізу куәлігінің мерзімі аяқталуға жақындап халыққа қызмет көрсету орталығына келіпті. Қала шетінде орналасқан орталыққа келмей-ақ, құжат рәсімдеуге болатынынан әрине бейхабар. Мамандар оған 3 мың теңгедей мемлекеттік баж салығын төлеп, қалғанын үйде отырып-ақ, толтыруға мүмкіндік бар екенін тәптіштеп үйретті.  

Раушан Әбжанова, қала тұрғыны:

– Бұрын қиынырақ болды. Кезек көп болатын. Қазір 1 сағат көлемінде шешіледі. Мамандар үйретеді. Цифрлы қолтаңба арқылы үйден шықпай-ақ, құжаттар алуға болады.

Егер үйде отырып, құжат толтыру кезінде түсінбеушіліктер туындаса, «1414 CALL» орталығына қоңырау шалып, мамандар кеңесіне жүгінсеңіз болады. Көлік құжаттарын рәсімдеуге келсек, бұрын автокөлік сатып алушы мен сатушы азаматтар өтінім беру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» кеңсесіне бір уақытта келіп, құжат тапсыру керек болатын. Ал қазір смарт-келісімдер де электронды түрге ауыстырылды.

Гүлдана Рахметов, мамандандырылған бөлім басшысы:

– Сатушы құжат өткізгеннен кейін электронды цифрлы қолтаңба арқылы қол қояды. Осы құжат сатып алушының жеке кабинетіне түседі. Жеке кабинеттен азамат өзінің автокөлік мәліметтерін тексеріп, осы көлікті алатыны жөнінде қол қойып электронды цифрлы қолтаңбасымен өтініш уәкілетті органға бірден түседі.

Тұрғындар дайын құжаттарды мамандандырылған бөлімге келмей-ақ, үйге немесе жұмыс орнына жеткізу қызметін пайдалануға болады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 әлеуметтік желілерде