352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында ағын су тапшылығынан балық қырылуда

  • 147

Түркістан облысының орталығына жақын орналасқан Жаңа Иқан елді мекенінде ағын су тапшылығынан балық қырылуда.

Қыр беткейге су тартып, оған тоған салып балық шаруашылығын дамытқалы отырған кәсіпкер «қуаңшылықтан миллиондаған шығынға ұшырадым», – дейді. Иқан су аталып кеткен тау өзенінен келетін ағын су қазір егін еккен, бақша ұстаған шаруаға тиесілі. Ал балықшылар сусыз қалған тоғаннан өлі балықты теруде.

Су толы тоған, балықтардың мамыражай кезеңі. Бұл бейнелер көктем мезгілінің наурыз айында түсірілген. Түркістандық Рүстем Камилов өзінің шаруашылық жеріне жасанды 12 тоған қазып балық асырауды қолға алады. Мұнда сазаннан бастап, карп, беламор сынды балықтың бірнеше түрі болған. Су жоқ демесеңіз, балық тұқымдастары әлі де аздап бар.

«Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде» демекші, бір кездері мына тоғанда арқыраған ағын су аққан. Ал дәл қазіргі жағдаймен салыстыра қарасаңыз, шынымен де ертегі секілді. Кәсіпкердің айтуы бойынша, бұл 8 метр болатын бір тоғанда 12 мың тоннадан аса балық ұстаған. Ал қазір дым да жоқ. Тек артында қалған шығын көп. Мұны кәсіпкер кімнен сұрарын білмей дал.

Шағын шаруақожалық иесі түбегейлі балық өсірумен айналысуға бет бұрам деп қора толы қойын, тіпті, біраз ірі қарасында сатқан екен. 12 тоғанға салынған балық шамамен 300 тоннадан асып жығылады. Жадырап жаз келгелі балықтан маза кеткен. Таудан келетін ағын су балыққа емес, егіс алқаптарына бұрылған. Ал тіршілік нәрінсіз қаталап қырылған омыртқалы су жануарлары жағаның әр жерінде кездеседі.

Рүстем Камилов, шаруа қожалық төрағасы:

- «Балық бақ, балық бақ» деді, бақсам бағайын деп істегенбіз, ол үшін малды да, бәрін де саттық. Ал жағдай болса мынадай. Су жоқ болса да мейлі екен. Су ағып жатыр. Бірақ мына жерде 4-5 гектарға қарбыз егіп алған, суды соған салады, бізге бермейді. Жоспар көп еді бұл жерде. Туризм ашып, адамдар балық аулайтын жер қыламын деп едім. Келіп аулап жатқан адамдар, енді су келмей кеткен соң бәрін тоқтаттым.

Рүстем Мұзпардінұлы әуелде тоғандарды мал азықтық дақылдарға су жеткізу үшін салыпты. Кейіннен көлшік көлемін арттыруға мүмкіндік барын байқап, оны көбейткен. Ал қазір су тапшылығынан, тіпті, 12 мың түп алма бау да қураудың алдында тұр. Ауыл әкімі Серік Сатыбаев: «ағын су барлығына ортақ. Шаруашылықтар белгіленген кестемен су алуда. Дегенмен балықтан бұрын, егіс еккен ағайынға су бірінші беріледі», – дейді.

Серік Сатыбаев, Жаңа Иқан ауылдық округінің әкімі:

- Көктем басталғалы алдымен бидайды суарайық, одан кейін қауын-қарбыздар бар, бақшалар олар да суарып жатыр. Бұл кісіге біз су бермейміз немесе бере алмаймыз деп жатқан жоқпыз. Арнайы кесте бар. Осы сияқты 43 шаруақожалық бар. Олардың бәріне су қажет.

Бұл Иқан судан қазір 43 шаруақожалық су алатын көрінеді. «Бұрындары ағын су көлемі орта есеппен күніне 400-500 литрді құраса, қазір таудан аққан су 100 литрден әрең асады», – дейді жергілікті билік.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы