Қостанай облысында жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр? - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 360,72

EUR 409,95

РУБ 5.36

Қостанай облысында жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Қостанай облысында жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Елбасының бес әлеуметтік бастамасындағы негізгі міндеттердің бірі – студенттерді жатақханаман қамтамасыз ету.

Бұл мәселені шешуге бірден кірісіп кеткендер бар. Алайда сөзден іске көше алмай жатқандар да аз емес. Кейбір өңірлерде әлі күнге бірде-бір жатақхананың іргетасы қаланбаған.

Қостанай педагогикалық университетінің шаруашылық департаментінің басшысы Балға Дәулетбаев жаңа жатақханалар студенттер үшін қолайлы және жайлы болатындығын айтады. Қағаздағы сурет, сызбаларға қарасаң, шынымен көңілің толады. Алайда бұл жерде әзірге құрылыстың еш нышаны байқалмайды.

Балға Дәулетбаев, ҚМПУ шаруашылық департаментінің басшысы:

- Мамыр айында құрылыстың жалпы сметалық жобасы дайындалып, бүгінгі күнде мердігер сол жобаның дайындығымен айналысып жатыр. Сол себептен қазір соны күтеміз. Жоба дайын болғаннан кейін, оны техникалық сараптамадан өткізу керек.

Ал кәсіби техникалық колледждер үшін Қостанайда үш жатақхана салынады. Олардың жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға облыстық бюджеттен 110 миллион тенге бөлінген. Оған да екі жылдай  уақыт керек. Сондықтан құрылыс келер жылдың күзі ғана басталады.

Жамбыл облысында да осындай жағдай. Бұл өңірде екі мемлекеттік, бір жекеменшік жоғары оқу орны бар. Ал колледждер саны елуге жуық. Соларда оқитын екі жарым мыңнан астам студент бүгінде жатақханаға зәру. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті билік инвесторлар іздестіріп жатыр. 

Талғат Жамалов, Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз биылғы жылы осы негізгі құжаттамаларымызды дайындап бітіреміз, үш колледждің де, оның ішінде жер актісі бар, сәулеттік жобалау құжаты бар. Биылғы жылы осы кезеңнен өтеміз, келесі жылы инвесторлар жұмыс жүргізетін болады.

Шығыс Қазақстан облысында да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 3 жылдың ішінде 11 жатақхана салынбақ.

Анар Ыбрашева, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аймақтық орталығының департамент директоры:

- Мемлекеттік жеке әріптестік жөніндегі келісімнің инвесторлар үшін өз пайдасы бар. Жобаға инвестиция салған компанияға мемлекет біртіндеп қаржысын қайтарады. Бұл келісімде мемлекет те, инвестор да ұтылмайды. Негізгі ерекшелігі осы.

Соңғы 4 жылда «Серпін» бағдарламасы бойынша Өскемендегі оқу орындары оңтүстік облыстардан бір жарым мың студент қабылданған. Алдағы жылы да осынша адам келеді деп күтіліп отыр. Сондықтан   негізгі екі университет қосымша 500 орындық тағы екі жатақхана салмақ.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Қырмызы Жексенбек, Олжас Керейхан, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 әлеуметтік желілерде