352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық ұшқыштар «Авиадартс-2018» халықаралық байқауына дайын

  • 164

Еліміздің әскери ұшқыштары «Авиадартс 2018» халықаралық байқауына қатысады.

Әскери ойындар шілде айының 28-і мен тамыздың 12-сі аралығында көршілес Ресей Федерациясының «Дубровичи» сынақ алаңында ұйымдастырылады. Рязань түбінде өтетін бұл байқауға Қазақстан, Ресей, Қытай және Беларусь мемлекеттерінің әскери әуе күштері қатысады. Онда біздің еліміздің намысын 9 экипаж қорғайтын болады. Олар 7 аталым бойынша күш сынасады.

Әскери ұшқыштар арасында «Әуедегі жеңістің негізі жерде қаланады» деген тәмсіл бар. Айтса айтқандай. Авиациялық бөлім командирі Артур Көшербаев бұл сөздің мағынасы өте терең екенін жойғыш ұшақтың штурвалына алғаш отырғанда-ақ түсінген. Ол бүгінде эскадрильяның жетекші ұшқыштарының біріне айналып үлгерді. Сол себепті оның экипажы биыл «Авиадартс-2018» халықаралық байқауында Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндік алып отыр.

Артур Көшербаев, авиациялық бөлім көмандирі:

- Біздің дайындығымыз басқа мемлекеттің ұшқыштарынан кем деп ойламаймын. Біз өзіміздің полигондарымызда, аэродромдарымызда күнделікті дайындықтан өтеміз. Бірінші орын алуға тырысамыз. Мен үшін осы ойындарға қатысу – үлкен абырой, үлкен міндет.

Экипаж мүшелері бұл сында өздеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын толық сезінеді. Сондықтан оған жыл бойы дайындалды. Олар әуеден барлау жасап, жылжитын-жылжымайтын нысандарға оқты дөп тигізу және ұшақты шебер басқаруға Қызылағаш сынақ алаңында тыңғылықты дайындалып жүр. Ұшқыштардың шеберлігіне көз жеткізу үшін Талдықорғанға еліміздің әскери әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов келді.

Дәурен Қосанов, ҚР ҚК ӘҚК Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы:

- Бұл ойындарға қатысқаннан біздің ұшқыштар көп тәжірибе алады. Дайындықтарымыз жақсы болады. Біз осы халықаралық ойындарға әрқашан қатысуымыз керек. Біздің ұшқыштар бұл халықаралық ойындарға дайын.

«Авиадартс-2018» халықаралық байқауына Қазақстаннан биыл 9 экипаж барады. Ол көршілес мемлекеттердің әуе қорғанысы саласындағы деңгейін біліп, ұшқыштардың бір-бірімен тәжірибе алысуы үшін аса қажет. «Біз осы халықаралық байқауда жеңімпаз атануға тырысамыз», – дейді Талдықорған әуе базасының ұшқыштары.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы