356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысындағы төсек-орын жабдығын дайындайтын кәсіпорын жұмысы автоматтандырылады

  • 220

Маңғыстау облысындағы Басқұдық ауылдық округінде ортопедиялық матрацтар шығаратын цех жұмыс істейді.

Мұнайлыда 2008 жылы ашылған өндіріс орны «Қазақстанда жасалған» брендімен 15 түрлі төсек-орын жабдығын дайындайды.  Мұнда аудандық жұмыспен қамту бөлімінен жіберілген 8 адам еңбек етеді. Кәсіп ашқан ағайындылар таяуда 1 пайыздық несие алмақ. 30 млн теңгенің бір бөлігі кәсіпорын қызметін толық автоматтандыруға жұмсалады.

Талғат Исламұлы, Twitter@Talkin_84

– Төсек-орын жабдығын шығаратын кәсіпорын қызметі осы құрастыру цехынан басталады. Мұндағы жұмысшылар арнайы құрал көмегімен қазақ металын иіп, төрт бұрышты пішінге енгізеді. Одан әрі ауа қысымымен жұмыс жасайтын пистолет арқылы темір пружиналар матрац қаңқасына бекітіледі.

Мұндағы матрацтар бір немесе екі адамға және балаларға арналып жасалады. Олардың қаңқалары осы цехта құрастырылады. Қағаздағы нұсқа бойынша таңдау жасалған соң, жұмысшылар төрт бұрышты төсек-орын жабдығының ортасына серіппелі құрастырылымды бекітеді. Одан әрі қаңқаның барлық қабаты синтетикалық тығыз материалмен тысталады.

Ермек Қиянов – осы кәсіпорынға жақында жұмысқа кірген жастардың бірі. Ол – матрац қаңқасын алуан түсті маталармен тыстаудың шебері. Мәселен, бір төсек-орын жабдығын тігіп шығаруға бас-аяғы 10 минут жұмсайды. Жалпы бұл цехтың мамандары тәулігіне 30-дан 50-ге дейін ортопедтік матрацтар дайындайды. 

Ермек Қиянов, ауыл тұрғыны:

– Жұмыс басында маған қиындау болды. Артынан үйреніп кеттім. Бізде әр түрлісі бар. Клиенттер қандай көлемде тапсырыс береді, сол бойынша шығарып беруге тырысудамыз. Жұмысымыз жақсы, өзімізге ұнайды.

Ілес және Тілек есімді ағалы-інілі жігіттер Алматыға барған сапарында осы тектес кәсіпорынды көріп, өз ауылында ашуды ойлайды. Бизнес-жоспар әзірлеп, өндіріске қажет құрал-жабдығын туған жерге жеткізуге 20 млн теңге жұмсаған.

Тілек Құрылысұлы, кәсіпкер:

– Ағам екеуміз бірнеше жыл бұрын зерттей келе, Маңғыстауда жоқ екенін анықтап осы кәсіпорынды аштық. Қазіргі таңда әртүрлі мұнай компанияларымен, жиһаз салондарымен жұмыс жасап отырмыз. «Нұр-Капитал» жобасының қолдауымен осы жұмысымызды ұлғайтып, жұмысшылар санын тағы да өсіреміз.

Маңғыстауда биылғы маусым айынан Бір пайызбен 30 млн теңгеге дейін несие алған кәсіпкерлер өндіріс орнын жетілдіріп, халыққа жаңа жұмыс орындарын ұсынуда. Нәтижесі де жаман емес.

Өсер Тлепов, Басқұдық ауылдық округінің әкімі:

– Жеке кәсіпкердің өтінішіне тоқталар болсақ, биыл ғана өңір басшысы Ералы Лұқпанұлының бастамасымен қолдау тапқан «Нұр-Капитал» өңірлік бағдарламасынан 1 пайыздық көлемде несие алу. Әрине, өзінің өндіріс көлемін ұлғайтса, тағы да ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтиды. Осылай біз жұмыссыздық мәселесін шеше аламыз.

Ағалы-інілі кәсіпкерлер ауыл әкімдігіне жазған өтініші мақұлданған. 30 млн теңге несиенің бір бөлігі цех жұмысын толық автоматтандыруға жұмсалады. Яғни келешек шағын кәсіпорынның жұмыс қуаты ұлғайып, отандық тауар сапасы жақсара түспек. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев,

Хабар 24 телеарнасы