352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда іргесінде туризм нысандары көбейіп келеді

  • 199

Ақмола облысында бес жылдан кейін туризмнің экономикадағы үлесі 8 пайызға жетеді.

Бұл – сала мамандарының мақсаты. Ал қазір аталған көрсеткіш 1 жарым пайызға әрең ілінеді. Сондықтан, өңірде туристік нысандардың қатарын көбейтіп, табиғаты әсем аумаққа инфрақұрылым тарту қажет. Мәселен, өткен жылы мұнда 6 бірдей туристік нысан іске қосылса, биыл тағы 4 ірі демалыс орны ашылған.

Ақмола облысында бүгінде 700-ге жуық туризм нысаны бар болса, олардың 100 шақтысы елорданың іргесінде, яғни Аршалы, Шортанды және Целиноград аудандарында орналасқан. Солардың бірі жақында ғана Астана күніне орай іске қосылды. Жаңа нысанның бағыты – спорттық туризм. Демалыс орнында 60 адам қонақтарға қызмет көрсететін болады.

Руслан Шәмкенов, демалыс орнының директоры:

– Біздің демалыс аймағымыз күніне 150 адамға дейін қабылдай алады. Жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін боламыз. Жазда 30 шақты демалыс пен сауық түрі ұсынылса, қыста 25 түрлі қызмет көрсетеміз.

Бүгінде аймақта осындай жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін демалыс орындары көбейіп келеді. Осыдан 5-6 жыл бұрын туризм нысандарының бірен-сараны ғана қыста да қызмет көрсетсе, қазір олардың 40 пайызы қысы-жазы қонақ күтуге көшкен. Бұл әлбетте, туристер қатарының артуына оң әсер етеді.

Данияр Идиятов, облыстық туризм басқармасының басшысы:

– Жалпы Ақмола облысына қазір 1 млн 100 мың турист келсе, Бурабай курортына 850 мың турист келген. Олардың да саны жылдан жылға көбеюде. Келесі жылы жалпы айтқанда 2,5 млрд теңгеге 3 нысан ашамыз дегене ойымыз бар. Олар жыл бойы жұмыс істейді.

Былтыр Астана маңындағы демалыс орындарына 50 мың адам келсе, биыл 75 мың тұрғын елордаға жақын аумақта тыныға алады. Айта кетейік, Ақмола облысында туризм Бурабай курортты аймағы және Астананың төңірегімен қоса, Ерейментау мен Қорғалжынның қасиетті жерлері, сондай-ақ Зеренді мен Сандықтаудың табиғи аумақтары секілді 4 бағытта дамытылып жатыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы