352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдағы емханада қант диабетімен ауыратындар үшін мобильді қосымша енгізілді

  • 131

Халықтың өз денсаулығы үшін жауапкершілігін арттыру – отандық медицинадағы басты мақсаттың бірі.

Бұл тұрғыда қолға алынған қанатқақты жобалар аз емес. Соның бірі жуырда оралдық сырқаттардың бастамасымен пайда болды. Қаладағы емханалардың бірінде қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған бағдарлама енгізілді.

Оралдағы №1 емханадағы науқастарды басқару бағдарламасы сусамырмен сырқаттанған 800-дей тұрғынды біріктіреді. Қант диабетіне шалдыққандардың өмір сүруі қатаң кестемен жүзеге асатындықтан, оларға қолайлы болуы үшін мобильді қосымша енгізілген. Осы арқылы дәрігерге онлайн қаралып, сараптама-талдаудың нәтижесі мен ем-домды телефон арқылы алуға болады.

Светлана Ермекқалиева, №1 емхана директоры:

- Егер бұрын сырқаттар дәрігерге қараламын деп дәлізде кезек күтіп отырып қалса, енді олар осы мобильді қосымша арқылы жазыла алады. Мәселен, мына топта 120 адам бар. Олар күнделік жүргізеді. Осы арқылы эндокринолог немесе медбике науқастарды бақылай алады. WhatsApp арқылы байланысып, қажетті уақытта шақыртады.

Емханада диабетпен ауыратындар үшін білікті мамандардан құралған бригада жұмыс істейді. Олар шағымданушыны бірлесе қабылдап, тиісті кеңес береді, емнің нәтижесін тексереді. Нұргүл Бигешанова – осы жобаға қатысушылардың бірі. Ол күнделік жүргізіп, қандағы қанттың деңгейін қатаң бақылап отырады. Сонымен қатар бағдарлама адам денсаулығындағы барлық өзгерістерді бақылауға мүмкіндік береді.

Нұргүл Бигешанова, қала тұрғыны:

- Қан тапсырғанда сараптамадан қан көтеріліп кеткенін білдім. Сосын «Пульс» деген мобильды қосымша арқылы жазылып, дәрігерлерге келдім, өте ыңғайлы деп ойлаймын.

Өзге де әлеуметтік-маңызды сырқаттар бойынша мұндай бағдарламаларды тағы екі емханада енгізді. Нәтижесінде аурудың асқынуын болдырмаумен қатар қайғылы оқиғалардың азайып келе жатқаны аңғарылады.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмутов

Хабар 24 телеарнасы