352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында шипажай мен жылыжай көбейіп келеді

  • 177

Алматы облысының Ұйғыр ауданында шипажайлар мен жылыжай кешендерінің саны артып келеді.

Бүгінде Шонжы өңіріндегі ыстық су көздерінде 48 демалыс орны мен 10 шақты жылыжай кешені жұмыс істеп тұр. Соның арқасында ішкі туризм өркендеп, бау-бақша өнімдерін өндіру көлемі айтарлықтай ұлғайған.

Алматы облысына өткен жылы 1 миллионнан астам саяхатшы келсе, соның 10 пайызға жуығы осы Шонжы өңіріндегі ыстық су көздеріне ат басын тірепті. Бұл қасиетті де киелі мекен термалды артезиандық қайнарларға өте бай. Емделушілер мұнда көбіне көктем мен күзде және қыс мезгілінде келеді. Дегенмен шипажайлардың шіліңгір шілденің ыстығында да демалушыларға лық толы болатын кездері аз емес.

Қарлыға Қаракөзова, демалушы:

- Шымкенттен келіп тұрмын. Бұл жердің буындарға емдік қасиеті өте жақсы. Былтыр аяғым қатты ауыратын еді, биыл жақсы. Жеңілдедім, сол себепті биыл тағы демалуға келіп тұрмын.

Сымбат Төлепова, шипажай әкімгері:

- Бір жылда 5 мың адамдай келеді. 5-6 мың адам келген. Бізде ыстық су бар, адамның денсаулығына пайдалы. Құрамына калий, натрий, кальций кіреді. Ол жүректің жұмысын жақсартады.

Аудандағы демалыс орындарының қожайындары соңғы жылдары жылыжай салуға бет бұра бастапты. Өйткені ол жер астынан шығатын ыстық сумен жылытылады. Отын, көмір түсіріп әуре болмайды. Шығынның аздығы өз кезегінде көкөністің бағасына да оң әсер етеді.

Шәкәрім Құлжа, жылыжай кешенінің жұмысшысы:

- Біз Голландия технологиясы бойынша жұмыс істейміз. Әйнектер, перделер, желдеткіштер, бәрі компьютермен жасалған. Керек кезінде қосылып, керек кезінде алынады. Өзінің нормасымен суарылып, бәрі автоматпен қойылған.

Жылыжай 2 гектар жерді алып жатыр. Бір гектарына қызанақ, қалғанына қияр егілген. Алматыға ай сайын 80 тоннадай өнім жөнелтеді. Олар алдағы жылы жылыжай кешенін 6 гектарға дейін ұлғайтпақшы. Облыс бойынша жылыжай аумақтарының көлемі 100 гектарға жетіп қалды. Болашақта оны екі есеге дейін арттыру көзделіп отыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы