359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысындағы керуен-сарайда қазба жұмыстары басталды

  • 208

Алматы облысының Қапшағай қаласына қарасты Шеңгелді ауылында заманында керуен-сарай болған аумақ зерттеле бастады.

Қазба жұмыстарының тұсаукер рәсімі кезінде ауыл тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне көне қалашықтың орнынан шыққан жәдігерлер көрсетілді.

Өтеген мен Малайсарыдай қазақтың қос батыры жатқан шежірелі Шеңгелді жерінің құм астында жасырылған қатпар-қатпар тарихы бар. Оны аршып алып, құнды жәдігерлер мен тың деректерді жұртшылық назарына ұсыну – отандық археологтардың алындағы ең үлкен міндеттердің бірі. Бұл жерде сонау 10-11 ғасырларда керуен-сарай болған. Оның жалпы аумағы мың шаршы метр жерді алып жатыр.

Дамир Үмітқалиев, қазба жұмыстарының басшысы:

– Біз қабырғасы мен асхана бөлмелерін таптық. Одан ары қарай жылқы тұратын жер мен адамдардың жерленген бейіт басын таптық.

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан керуен-сарайдан түрлі мәнерде жасалған қыш құмыралар шығып жатыр. Тандыр нан жабатын 5 пеш табылды. Ол Іле өзенінің оң жағалауынан орын тепкендіктен, мұнда ат шалдырып, аялдаушылар өте көп болған. 1964 жылы Шеңгелді орта мектебінің құрылысы барысында жер астынан үлкен қыш құмыра шықса, керуен-сарайдың орны да өзінше бір тарих. Кезінде совхоз басшылары бұл жерден шағын су қоймасын салуды ұйғарады. Бірақ құдықтан бірнеше күн бойы қызыл су ағып, ойпаңдау біткен орынға су тұрмапты.

Ғалымжан Оспанов, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының директоры:

– Биылғы жылы облыстық бюджеттен 27 млн бөлініп, сәуір айында мемлекеттік сатып алу арқылы тендер өткізіліп, қазіргі жеңімпазы керуен-сарайда жұмыстар жүргізіп жатыр.

Алматы облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан археологиялық жұмыстар үш бағытта жүреді. Соның бірі Шеңгелді болса, Қарасай ауданындағы Қырғауылды жерінде ежелгі сақ қорғандары бар. Жақында Жамбыл ауданындағы Бұрхан мен таңбалы тас қорымдары зерттеле бастайды.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы