361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда қылмыстың ашылу деңгейі төмен

  • 340

Былтыр Алматыда түрлі дәрежеде 37 мың қылмыс жасалса, соның тек 16 пайызы ғана ашылған.

Ал ұрлық пен алаяқтық тіпті азаяр емес. Осы өзекті мәселе бүгін қалалық қоғамдық кеңестің отырысында қызу талқыланып, қаладағы тәртіп пен полицияның жұмысына қатысты қатаң сын айтылды. Тіпті кеңес мүшелері Ішкі істер департаменті басшылығын жұмыстан алу туралы ұсыныстарын да білдірді.

Екі миллион тұрғыны бар алып мегаполиске еліміздің алыс-жақын өңірлері мен өзге де мемлекеттерден келушілер көп. «Қалада аса ауыр қылмыс түрі былтырғымен салыстырғанда, едәуір азайғанымен, ұрлық, бұзақылық пен алаяқтық өршіп тұр», – дейді қалалық қоғамдық кеңес мүшелері. Әсіресе, автокөлік пен бөлшектерін ұрлау, оларды сату дерегі көп.

Рахман Алшанов, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы:

– Осы уақытқа дейін неге кадрмен жұмыс істеу қолға алынбады?. Неге олар жауапқа тартылмайды? Соған байланыстты бірталай сұрақ бар.

Кеңесте «Денис Теннің өліміне себеп болған келеңсіздіктер кеше ғана пайда болған жоқ. Ол көп жылдар бойы қоғамдық тәртіптегі жүгенсіздік пен полиция қызметкерлерінің жауапсыздығынан туындаған күрделі мәселе», – дейді жиынға қатысушылар. Мысалы, кеңес мүшелері қайғылы оқиғадан кейін қаладағы автобөлшек сататын бірқатар сауда орны мен базарды аралаған. Сөйтіп, сақшылар тарапынан тексерістің мүлдем жоқтығы мен тәртіптің нашарлығына көз жеткізген. Бұл сынға қатысты қалалық ІІД басшылығы мардымды жауап бере алмады.

Ғазиз Нұрқаев, қалалық ІІД басшысының орынбасары:

– Ішкі істер департаменті сауда орындарын тексермейді. Бұл біздің құзыретімізге кірмейді. Оларды тексеру үшін кез келген мемлекеттік мекемеге арнайы рұқсат алу керек. Ал шағын және орта бизнес нысандарын тыңғылықты тексеруге заңмен шектеу қойылған.

Кеңесте қалалық ІІД-нің жұмысын реформалау туралы ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар қалада сақшылар отыратын дүңгіршектер мен адамның іс-әрекетін анықтай алатын заманауи бейнекамераларды көбейту мәселесі айтылды.

Кәкімжан Бишманов, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Қоғамдық кеңес қала тұрғындарының ойы мен пікірін қаперге ала отырып, қалалық ІІД басшысының жұмыстан кетуін талап етеді. Біз полиция қызметкерлерінің жұмысының ауыр әрі қатерлі екенін жақсы түсінеміз. Бірақ қазіргі қордаланған мәселеде жаңа басшылық керек. Сонда ғана қала тәртібінде оң өзгерістер болады деп есептейміз.

Әрине, қаладағы қылмыстық ахуал қашан да өзекті тақырып. Тәртіп жоқ жерде бассыздық пен басбұзарлардың көбейетіні аян. Қоғамдық кеңесте айтылған пікірлер мен ұсыныстар енді қалалық мәслихаттың талқылауына жіберіледі.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы