363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Соңғы 3 айдың ішінде билетсіз жолаушы мінгізген 30-дан астам жолсерік жұмыстан қуылған

  • 322

Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пойыз билеттерін заңсыз саудалаушылармен күрес бастады.

Енді алыпсатардың қолынан білместікпен болса да билет сатып алған әрбір азамат құқық қорғау органдары алдында түсінік беруге міндетті. Осыған байланысты агенттік өкілдері жолаушыларды вокзал маңынан жөн-жосықсыз билет алмауға шақырады.

Вокзал маңында билет алыпсатарлары мен олармен саудаласатын жолаушылар саны көбеймесе, азаймай тұр. Мәселен, 17-20 шілде аралығында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының сырттай жүргізген мониторингі нәтижесінде Қызылорда-Көкшетау, Алматы-Петропавл және Қызылорда-Петропавл бағыттарында билетсіз жолаушы мінгізу жағдайлары көп. 

Олжас Бектенов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

– Өкінішке орай, билет тапшылығына қатысты шағымдар саны азаймай отыр. Әлеуметтік желілерде де осыны байқауға болады. Қоғам бүгінде алыпсатарлардың заңсыз әрекетіне наразы. Сондықтан біз осы мәселені қысқа уақыт ішінде шешуіміз керек.

Ақмола облысының мониторингтік тобы жасырын камера арқылы Көкшетаудағы алыпсатарлардың заңсыз қызметін әшкерелеген. Осылайша, жолсеріктер мен делдалдардың кесірінен теміржол вокзалында жасанды билет тапшылығы орын алған. Көлденең табысқа құныққандар өз қызметі үшін барар жеріне асыққан жүргіншілерден 2 мыңнан бастап 15 мың теңгеге дейін сұраған. Сөйтіп, қолдағы билеттер бастапқы құнынан 20, тіпті 50 пайызға қымбаттап шыға келеді.

Олжас Бектенов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

– Кассаға келген жолаушыға билеттің таусылып қалғандығы айтылады, алайда барар жеріне асыққан адам үшін делдал да табыла қалады. Заңсыз саудагер қымбатқа сата алмаған жағдайда билетті жолсерікке өткізе салады. Соңғысы жолдан жолаушы мінгізіп алу мүмкіндігіне ие болады. Осы сияқты түрлі тәсілдері бар. Вагондардың жартылай бос болуы да сондықтан.

Осылайша, жолаушылар тасымалымен айналысатын ұлттық компания өкілдері алыпсатарлар мен сыбайлас қызметкерлермен еңбек шарттарын үзіп жатыр. Соңғы 3 айдың ішінде билетсіз жолаушы мінгізген 30-дан астам жолсерік жұмыстан қуылды. 50-ден астамына қатаң ескерту жасалып, жалақылары қиылды. Ал жыл басынан жергілікті ІІД өкілдерінің көмегімен Шымкент, Алматы-1 және Алматы-2 стансаларында заңсыз билет саудалаған 15 алыпсатар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы