353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сыр өңірінде 18 ауылшаруашылық кооперативі құрылды

  • 115

Биыл Сыр өңірінде 250 жеке қосалқы шаруашылық біріктіріліп, 18 ауылшаруашылық кооперативі құрылды.

Осылайша аймақтағы кооперативтер саны жүзден асты. Нәтижесінде  өңірде ет, сүт өндірісі де еселеп артты. Мамандар енді зәкірлік кооперативтерді қолдау аясы кеңейетінін айтып отыр. Жаңа бастаманың тиімділігі неде?

Кооперативтерді дамыту қолға алынғалы Сыр өңірінде құс шаруашылығы да ширай түсті. Бүгінге дейін 3 құс фабрикасы ашылса, тағы бірнешеуінің құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі қала іргесіндегі Жақыпбек Махамбетов атындағы ауылдық округінен салынды. 

Мақсат Жүсіп, құс фабрикасының директоры:

- Жеке кәсіпкерлікті көтеру, өңдеу өнеркәсіптерін, отандық өнімдерді шығару дегенге осы кооперативті қолдады. Содан біз кооператив ашқан болатынбыз. Кооперативті 2 жігіт бірігіп аштық. Фабриканы салу өз қаражатымызға салынды. Бірақ тауық басын алып келу 28 млн-ға субсидияланған кредит алып, осы тауықтарды әкеліп отырғыздық.

Жеңіл пайызды несие жұмыртқа өндірісіне жол ашты. Бүгінде бұл фабрика тәулігіне 7-8 мың дана жұмыртқаны сатуға шығарып  отыр.Нәтижесінде ағымдағы жылдың 6 айында аймақта құс саны 36 %-ға, ал жұмыртқа өндіру 45%-ға артты.

Дегенмен, қызылордалықтар көбіне мал басын көбейтуге басымдық беріп отыр. Мәселен, өткен жылы өңір кооперативтері 342 тонна ет пен 133 тонна сүт сатса, биылдың өзінде ет өндіру 14 пайызға, сүт өндіру 7 есеге көбейген. Ал мамандар «Сыбаға» бағдарламасы арқылы берілетін жаңа мүмкіндіктер кооперация тиімділігін одан әрі нықтай түсетініне сенімді.

Пірмұхамед Сыздықов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- «Сыбаға» бағдарламасы арқылы зәкірлік кооперативтерге қаржы бөлетін болып жатыр. Бұл негізінен 4 пайызбен 15 жылға 50 бас аналық малды алып, малдың басын көбейтуге байланысты жұмыс жасалатын болады. Әрбір өндірген сүтіне, литріне 10 теңгеден субсидия беріледі. Және айтып өткендей, әрбір ет бағытындағы тірілей салмағына оған 200 теңгеден субсидия берілетін болады. 

Бүгінде аймақтағы 105 кооперативке 2 мыңнан астам шаруашылық біріккен. Бұл жүйелі шаралар жалпы өңірлік өнім құрылымындағы ауыл шаруашылығының үлесін 2,5 пайыздан, 3,7 пайызға дейін өсуіне септігін тигізгені сөзсіз. Ал соңғы 5 жылда салаға құйылған инвестиция 23 есеге артқан.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы