352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жезқазғанда апатты үйлер жөнделіп жатыр

  • 116

Жезқазған қаласындағы 29 үйдің апатты жағдайда тұрғанын осыған дейін бірнеше мәрте көрсетіп, жұрттың жанайқайын жеткізген едік.

Қабырғасы сөгілген үйде үреймен өмір сүріп жатқан тұрғындардың үні тиісті мекемелерге жеткен сыңайлы. Таяуда қазынадан қаражат бөлініп, баспаналар жөнделе бастады. Алайда апатты үйлердегі барлық жұрттың мәселесі шешілген жоқ.

Анжела Мержаева қабырғасы сөгілген апатты үйде 4 жылдан бері қорқынышпен тұрып жатыр. Сондықтан жөндеуге бірден келісім берген. Енді көпқабатты үй тұрғындары 15 жыл ішінде құрылысқа кеткен 24 миллион теңгені қайтаруы тиіс. Әр пәтер ай сайын шамамен 18 мың төлейді екен.

Анжела Мержаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Барлық көршілеріміз риза. Өйткені мұнымен айналысатын адам жоқ. Әрі бірден қомақты қаражат қайдан келсін. Енді үйіміз жаңа қалыпқа келетін болды.

Мамандардың зерттеуінше, Жезқазғанда қазір 29 үй апатты жағдайда болса, соның 11-і жөндеуге келеді екен. Биыл – 3, ал алдағы үш жыл ішінде барлық 11 үй қалпына келтірілмек. Яғни іргетасынан бастап шатырына дейін толық жаңартылады. Ол үшін 900 миллион теңге қажет. Бұл жұмыс бұған дейін осы бағдарламаға қатысқан тұрғындардың қайтарған қаржысы есебінен жүзеге аспақ. 

Мәруа Келмағанбетова, Жезқазған қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Қаржы көлемі қайтарымды қаражат есебінен қаржыландырылып отыр. Қайтарымды қаражат есебі дегеніміз, бұған дейін біздің қаламызда 2013-14 жылдары «Тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасы шеңберінде көпқабатты 13 үй күрделі жөндеуден өткен болатын. Сол үйлердің тұрғындарының қаржыны қайтаруы нәтижесінде осы үйлер жөндеуден өтіп жатыр.

Осылайша жөндеуге келетін үйлердің жағдайы реттелгенімен, қалған апатты 18 үйдің мәселесі, өкінішке қарай, әлі шешілмей тұр. Тұрғындарға жаңа баспана салып беретін қазынада қаражат жоқ. Оларға пәтер кезегін күтуге тура келеді. «Жалпы, бүгінде Жезқазғанда барлығы 649 көпқабатты үй болса, соның 30 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді», – дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы