359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавл базарындағы өрттен келген шығынды кім өтейді?

  • 156

Петропавл қаласында базар өртеніп, шығынға батқан іскер азаматтар өтемақысыз қаламыз ба деп қорқады.

Сауда орнының басшылығы сөрелерді жалға алған кәсіпкерлермен келісімшартты үзіп жатыр. Бүгін тілсіз жаудан зиян шеккен 30 шақты адам қалалық әкімдікке барып, көмек сұрады.

Рашид Темірханов шаш-етектен шығынға батты. Кәсіпкердің кеңсесі күйіп кеткен. Өрт 2 млн теңгенің мүлкін жалмады. Оның айтуынша, күзетшілер дабылға мән бермеген.

Рашид Темірханов, жеке кәсіпкер:

- Дабылқаққыш ойнағанын күзеттегілер естіді. Ешкім келіп қарамаған. Келіп қараса не болғанын түсінер еді.

Өрт базардың екінші қабатынан шыққан. Сондықтан да осындағы сауда нүктелері түгелдей жанып кеткен. Дегенмен кәсіпкерлер әлі де келіп, өздерінің сау деген тауарларын алып кетіп жатыр.

Ал мүлкі түгі қалмай жанып кеткен кәсіпкерлер қалалық әкімдікке келіп, шығындарын өтеп беруді талап етті. Олардың айтуынша, базар басшылығы келісімшартты барлығымен бұзғалы жатыр.   

Зәуре Әбілқасова, жеке кәсіпкер:

- Қазір келісімшартты бұзған соң біз қайда барамыз? Ешқайда бара алмаймыз. Ешкім ештеңе бермейді. Бірінші қабатты бұзып болды. Енді бізге қол қойғызып, оны да бұзғызбақшы.

Базар «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қарамағында. Олар сараптама қорытындысын күтіп отыр. Өйткені өрттің себебі белгісіз.  

Қайрат Шәкіржанов, басқарушы компанияның заңгері:

- Қазір біз сараптама қорытындысы қашан шығатынын нақты білмейміз. Жөндеу жұмыстары да белгісіз. Сондықтан саудагерлермен келісімшартты тоқтатып жатырмыз.

Сараптама 1-2 айда белгілі болады. Кінәлі де сол кезде анықталады. Әзірге әкімдік қызметкерлері кәсіпкерлерге төмен пайызбен несие алып, сауда ашуға кеңес береді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Дмитрий Рура

Хабар 24 телеарнасы