352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Анықтамаларды смартфон арқылы алуға болады

  • 178

Соңғы 3 айда 10 мыңнан астам адам өзіне қажетті анықтаманы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ алған.

Қызметтің бұл түріне олар Telegram қосымшасындағы электронды үкімет арқылы қол жеткізді. Қосымшаның көмегімен қандай анықтама алуға болады?

Ақпараттық технологиялар адам өміріне араласқалы қашан? Енді мекенжай немесе мүліктің бар-жоғын растайтын анықтама алу үшін бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ. Қолыңызда смартфон, ал оның ішінде Telegram қосымшасы болса жеткілікті. Электронды үкіметтің парақшасына кіріп, алдымен анықтаманың түрін таңдайсыз. Ал көп ұзамай дайын құжат сіз көрсеткен электронды мекенжайға жіберіледі.   

Арман Манасов, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бөлім басшысы:

- Әзірге тұтынушы мемлекеттік қызметтің 10 түріне жүгіне алады. Яғни 10 құжат. Бұл мекенжай анықтамасы, сотталған-сотталмағаны жайлы ақпарат пен мүлкінің бар-жоғын растайтын анықтама және басқалары бар. Оларды алу үшін енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті жоқ.  

Қызметтің бұл түрін қолдану үшін азаматтардың мобильді базасына тіркелуі жеткілікті. Яғни Халыққа қызмет көрсету орталығында тұтынушының тұрақты телефон нөмірі жазылуы тиіс. Мамандардың айтуынша, азаматтардың жеке мәліметтеріне ешкім қол сұға алмайды. Барлық операция қорғалған.

Ақбота Төлеубаева, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бөлім басшысы: 

- Сұраныс жіберілген кезде ол СМС-кодпен растау арқылы жүргізіледі. Ал СМС-код тек қана ХҚО арқылы тіркелген немесе электронды порталдың жеке кабинетіне тек қана электронды цифрлы қолтаңбамен тіркелген нөмірге ғана жіберіледі.

Бұл қызмет түрі 21 мамырда іске қосылды. Қазір eGov-Telegram-ды қолданушылардың саны 10 мыңнан асқан. Әзірге азаматтар 10 анықтамаға қол жеткізе алады. Алайда болашақта көрсетілетін қызмет түрлерін одан әрі көбейту жоспарланып отыр.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы