352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстанда жыл басынан бері Сириядағы әскери жағдайға қатысы бар 12 адам ұсталған

  • 105

Қырғызстан шекарашылары жыл басынан бері Сириядағы әскери жағдайға қатысы бар 12 адамды ұстаған.

Олардың барлығы республика шекарасын кесіп өтуге әрекет жасау кезінде тұтқындалды. Ел үшін тағы бір аса қауіпті бағыт – тәжік-ауған шекарасы. Онда «Талибан» қозғалысының мыңдаған жауынгері жиналған. Қырғыз шекара қызметі осы бағыт бойынша уақытша тексеру пункттерін орнатты.

Қырғызстан мен Ауғанстан арасында тікелей шекара жоқ. Дегенмен республика аумағы Тәжікстан мен Өзбекстан елдерімен шектеседі. Мемлекеттік шекара қызметі төрағасы Уларбек Шаршеевтің айтуынша, шекара маңындағы жағдай жіті бақылауда. Олар өз әріптестерімен үнемі ақпарат алмасып отырады. Бұл өз кезегінде аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі.

Уларбек Шаршеев, ҚР Мемлекеттік шекара қызметі төрағасы:

– Құрлық әскері, Ұлттық гвардия және Мемлекеттік шекара қызметі біріге отырып, шекаралық барлау және іздестіру топтарын құрған. Олар алыста орналасқан шекараларды бақылап отырады. Сондай-ақ уақытша бекеттер мен бақылау пункттері орнатылды.

Сириядағы әскери қақтығысқа қатысы бар 12 адамды ұстау үшін шекарашыларға осы жедел ақпарат көмектескен. Олар қырғыз шекарасын бейбіт азамат ретінде кесіп өтпек болған адамдардың қаншалықты қауіпті екенінен хабардар болған. Олармен бірге арнайы қызметтің бақылауына тағы 600 адам іліккен. Әзірге мәліметтер жіті тексеріліп жатыр. Жарты жылдың ішінде заңды белшеден басқан 96 адам ұсталды. Олардың басым бөлігі елге жалған құжатпен өтпек болған.

Уларбек Шаршеев, ҚР Мемлекеттік шекара қызметі төрағасы:

– Есірткі контрабандасының мүшелері де шекарадан өтіп кетуі мүмкін. Осы ретте Тәжікстан, Қазақстан және Өзбекстанмен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Бұл жүйеде ортақ жоспар құрып отырған Ресей Федерациясы да маңызды орынға ие.

Осы жылдың алғашқы алты айында 13 дана қару және 174 оқ-дәрі тәркіленген. Ішкі істер министрлігі бөлімшелерімен өзара жасалған жұмыс нәтижесінде 31 келіден астам есірткі анықталды. Оның 30 келісі марихуанна, 1 келіден астамы опиум. Тіркелген 8 жанжалдың 5-еуі Тәжікстанмен шекарада болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, айтарлықтай аз көрсеткіш.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы