352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда қолға алынған «Жартасты соқпақ» жобасы биыл аяқталады

  • 165

Ақтаудың «Бор» мүйісіндегі жарқабақ үңгірлер абаттандырылып, туристік орындарға айналып келеді.

Теңізге кірген жерге жаяу жүргінші жолдары салынып, шамдар орнатылуда. Ұзындығы 3 шақырымнан асатын жағажайды көркейту келесі жылы да жалғасады. Қала әкімдігі 4 шағынаудан мен «Сарбаз» жағажайында жекеменшікке өткен жер телімдерін қайтаруға басты назар аударып отыр.

Ақтаудың төменгі бөлігімен қосылатын теңіз жағалауын жергілікті халық «Сарбаз» жағажайы деп атайды. Қала әкімдігі бұл жерлерде абаттандыру жұмыстарын жүргізуге дайын. Алайда алдымен жекеге өтіп кеткен жер телімдерінің мәселесі шешілу керек.

Рахат Елтизаров, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы:

– Қазіргі таңда Ақтау қаласы бойынша теңіз жағалауындағы жерлердің барлығына 2017 жылы ескертулер жасалды. Яғни 1 жыл ішінде алынған жерлер игерілмесе, сот арқылы мәжбүрлеп қайтарылатын болады. Біз сотқа береміз. Жеңілгеннен кейін сот орындаушылары үш кезек аукционға шығарады. Аукцион өтпеген жағдайда, мемлекетке қайтарылады.

«Бор» мүйісінде тұрған 10 коттедж теңізде демалушылар өміріне қатер төндіріп тұр. Иелері 10 сотықтан артық жерге шарбақ орнатып, үй айналасын қоршап алған. Нәтижесінде, адамдар Каспийге жартасты жағалаудағы тар жермен жүріп жетуге мәжбүр. Былтыр коттедж қожайындарына бірнеше рет жазбаша түрде ескертпе берілді. Шыққан нәтиже болмаған соң, әкімдік сотқа жүгінді.

Ерұлан Кенған, «Ақтау қалалық жер бөлімі» ММ басшысы:

– Нәтижесінде, қазіргі таңда 4 учаске өздігімен қалпына келтірілді. 1 учаске бойынша әлі сот процестері жүруде. Қалған 5 учаске бойынша сот шешімі шықты. Соттың атқару парағы шыққаннан кейін сот орындаушылары тарапынан мәжбүрлі түрде қалпына келтірілетін болады. Қала әкімдігі осы жұмыстарды ұдайы бақылауда ұстап отыр.

Теңіз жағалауын көркейту жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін кешендер қатарында шипажай мен яхта-клуб бар. Соңғысы – өңірде баламасы жоқ нысан. Иесі рұқсат қағаздарын бірнеше жыл бұрын алған. 30 жылда өз қаржысына клуб айналасын қоршап, пирс орнатты.

Сергей Кулькин, Ақтау яхта клубының командоры:

– Аймақтағы бірегей яхта-клуб әйгілі «Мыс» мүйісінде орналасқан. Өңірге келетін саяхаттаушылар қаланың басты көрнекті орындарының бірі ретінде бізге келеді. Осы тұрғыдан клубты басқа жерге көшіру туралы жоспарымыз жоқ. Мысалға, Ресейдегі Севастополь қаласын алайық. Ол жерде біз секілді яхта клубтары шаһар шетінде емес, дәл ортасында тұр. Яғни туристермен қатар, қала тұрғындарының да сүйікті орнына айналған.

Қала шетінде жаңа демалыс аймағының қашан орнайтыны белгісіз. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары «Жартасты соқпақ» жобасына бағытталған. Демек аймақ тұрғындары қала жағажайының жаңартылған тұжырымдамасымен келер жылы таныса алады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы