352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚР Бас прокуратурасы: Ауыр қылмыс жасағандар амнистия бойынша босатылмайды

  • 431

«Елімізде 5 мың адам түрмеден босатылады» деген ақпарат рас па? Адам өлтіріп, ауыр қылмыс жасағандарды қалайша бостандыққа шығаруға болады?

Қоғамды толғандырған осы сұраққа бүгін бас прокурордың орынбасары жауап берді. Сонымен, абақтыдан шығатын кімдер ? Шілденің отыз бірінде күшіне енетін жаңа заңда қандай адамдарға рақымшылық қарастырылған?

Қандықол қылмыскерлер түрмеден босатылады деген ақпарат тек әлеуметтік желіде емес, кейбір ақпараттық порталдарда да жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Жаға ұстатар жаңалыққа алданғандар, алаңдағандар аз болмады. Бірақ қорықпаңыз! Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар бостандыққа шықпайды.

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Қарақшы, адам өлтіргендер мен зорлағандарды және педофилдерді түрмеден босату туралы сөз де болмаған. Болмайды да. Осы тақырып төңірегіндегі ақпарат құр қауесет екендігін айтқым келеді. Қайталап өтейін, қатыгез қылмыскерлер бостандыққа шықпайды. 

Сонымен бірер күнде күшіне енетін заңның шарапатын кімдер көреді? Құлақ түріңіз. Рақымшылыққа тек ауыр және аса ауыр қылмыс жасамағандар ғана ілігеді. Атап айтсақ, жазаның едәуір бөлігін өтеген, келтірген залалдың орнын толтырып, жүріс-тұрысы түзелгендер ғана түрмеден шығарылады. Бұл бір. Екіншіден, жаза мерзімі ұзақтарының айыппұлы яки абақтыда отыру уақыты кемітіледі. Ал ізгілендіруге ілігетін үшінші топ – тәртіп бұзып тергеуде жүргендер. Олардың да айыппұлы қысқаруы мүмкін. Бірақ бұл мүмкіндік бір-ақ рет беріледі. Істі болған азамат рақымшылықтан кейін заң бұзып, екінші мәрте қия басса, баратын жері қайтадан түрме болады. 

Рақымшылықпен абақтыдан босатылатындар жауапкершіліктен түбегейлі құтылмайды. Сотталғандар бостандыққа шыққан соң жаза мерзімі аяқталғанша абаттандыру сынды қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Жалпы қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бойынша 260 тан аса бапқа өзгеріс пен түзету енгізілді. Құжатта айыппұл көлемін азайту да қарастырылған. Атап өтейік, минималды айыппұл көлемі енді бұрынғыдай 500 емес, 200 айлық есептік көрсеткішке тең болады.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы