352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Д.Теннің өлімінен кейін Алматыда көлік айнасының ұрлығы азайған жоқ

  • 149

Дәніккеннен құныққан жаман. Алматыда көлік тонаумен айналысқан тағы бір қылмыстық топ ұсталды.

Полиция базарды айнала қоршап, тінту жүргізіп жатса да ұрылардың айылын жияр түрі көрінбейді. 

Жасын Біркенов, тілші: 

- Алматылық полицейлер көлік айналарын ұрлап, оларды сатумен айналысқан қылмыстық топты әшкерелеп, қазір оларды қолға түсірмекші. Бұл операцияға біз де қатысамыз. 

Тәртіп сақшылар ұрланған автобөлшектерді сатумен айналысқан осымен екінші қылмыстық топты ұстап отыр. Екінші күн қатарынан. Бұл жолы криминалдық полицияның операциясына біз де куә болдық. 

- Ворованные зеркала продавали? – Жоқ.

Бұл ұрылардың басқа да қылмыстарға қатысы болуы мүмкін, деп болжап отыр полицейлер. 

Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі: 

- Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері автокөліктердің бөлшектерін мен айналарын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты құрықтап, оның екі белсенді мүшесін қолға түсірді. Аты-жөндерін тергеу аясында бөліп жарып айта алмаймыз. Қайткенде де бұл қылмыстық топтың мүшелері біздің қаламызда бірталай қылмыстарға қатысы бар деген болжам бар. Ол мәліметті жіті тексеріп жатырмыз. 

Бұл криминалдық полицияның жедел уәкілі. Қылмыстық топтардың қатарына еніп, осылайша көзден тасада жүрген ұрыларды анықтайды. Сондықтан бұл полицейдің бет-жүзін көрсетпеуді жөн көрдік. Көлік айналарын ұрлаумен айналысатын қылмыстық схеманың сырын ашып айтып берді ол.

Жасын Біркенов, тілші: 

- Бір қызық айтайын. Көбіне көлік тонауға сіз бен біздің қатысымыз бар екен. Дәлірек айтқанда көлік иелері өз айнасын ұрлауға өздері тапсырыс беретін көрінеді. Бірақ мұны олар байқамай істейді. Қалай дерсіз? Мысалы, менің темір тұлпарымның айнасын ұрлап әкетті делік. Мен не істеймін? Автобазарға барып, дәл сондайын іздемеймін бе? 

- Бауырым, 222-мерседестің айналары бар ма? 

-  Жоқ, бірақ екі күннен кейін болады. Сол кезде келіңіз. 

Тапсырыс алған саудагер енді делдалдарға хабарласады.

-  Алло? 222-мерседестің айнасы керек. 

-  Жақсы. Түсіндім.

Енді делдал өз кезегінде тапсырысты орындаушымен, былай айтқанда ұрымен байланысады. 

-  Алло, Қисық? Заказ бар. 222-мерс. 

Жедел уәкіл: 

- Әуелі ұрылар жапа шеккен азаматтың көлігінен айналарды шешіп әкетеді. Енді сол зардап көрген адам дәл сондай айналарды базарлардан іздеуге мәжбүр. Ал саудагерлер болса бұл мүмкіндікті пайдаланып, ұрыларға тапсырыс береді. Қылмыскерлер айла-әрекетін іске асырғаннан кейін айналарды делдал арқылы базардағы сатушыларға жеткізеді. 

Жасын Біркенов, тілші: 

- Сөйтіп, тауарға сұраныс болса, ұсыныс та болады. Ал мына айнаны сатып алу үшін басқа көліктің иесі жапа шекті емес пе. Ол не істейді? Ол да осы базарға келеді. Демек, тағы бір қымбат машинаның айнасы жұлынатын болды. Парадокс. Бірақ шындық. 

Жедел уәкіл Денис Теннің өліміне қатысты тағы бір ақпаратпен бөлісті. 

Жедел уәкіл: 

- Денис Теннің өлімінен кейін күдіктілерді ұстау үшін біз бірден «Саяхат» және «Сайран» вокзалдарын тексердік. Нәтижесінде бұл сапаржайларда көлік тонаумен бұрын айналысқан, бұған дейін сотталған азаматтарды анықтай бастадық. Сөйтсе, олар осы оқиғадан кейін қаладан жаппай кетіп жатты.  

Чемпионның өлімі ұрыларға сабақ болмаған сыңайлы. Қылмыскерлер айылын жимай тұр. Қайғылы оқиғадан кейін бұлардың белсенділігі еш төмендеген емес.

Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі: 

- Болған оқиғадан кейін ұрылар бәсеңдеген жоқ. Бұл тұрақты деңгейде. Соңғы аптаның ішінде 10-ға жуық осындай қылмыстар Алматы қаласында орын алды. 

Кеше 500 тәртіп сақшы Алматыдағы ең ірі автобазарды тексеріп, 94 азаматты полиция бөлімшелеріне жеткізді. Оның бесеуі іздеуде жүрген қылмыскерлер болып шықты. Бүгін мұндай рейд Шымкент пен Астана қалаларында да жүргізілді.

Авторлары: Жасын Біркенов, Нұрдәулет Жақсыбаев және Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы