352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Щучинск-Зеренді тас жолы қайта салынып жатыр

  • 247

Алдағы жылдары Ақмола облысындағы Зеренді ауданына келетін туристер қатары күрт өсуі мүмкін.

Себебі, Бурабай курортты аймағынан бастау алатын Щучинск-Зеренді тас жолы қазір қайта салынып жатыр. Жалпы қашықтығы 80 шақырым болатын күре жол ішкі туризмнен бөлек, жол бойындағы елді мекендердің дамуына да зор ықпал етеді.

Бұл жол екі бірдей курортты аймақты ғана емес, Ақмола облысының Сандықтау және Зеренді аудандарын шығыс аудандармен, сондай-ақ Астана қаласымен төте байланыстырып жатыр. Ал күре жолдың бойында 5-6 ірі елді мекен орналасқан. Енді бұл ауылдардың тұрғындары бұрынғыдай Көкшетау арқылы жүрмейді. «Қарапайым халық, бұл жолдан күтеріміз көп», – дейді.

Светлана Логинова, М.Ғабдуллин ауылының тұрғыны:

- Біз, біріншіден, бұл жолдың бойынан табыс таба аламыз. Жазда жеміс-жидек сатсақ, басқа уақытта үйдің сары майы мен қаймағын саудалауға болады. Ал, ең бастысы, барар жерімізге тез жетеміз. Бұрын ауырған адамдарды немесе жүкті әйелдерді жаман жолмен аудан орталығына жеткізудің өзі оңай болмайтын.

Тас жолдың туризмге тигізер пайдасы айтпаса да түсінікті. Бурабайға келген туристер ендігі жерде Зерендіге ат басын бұрмай кетпес. Тек жол бойында сол қонақтардың көңілінен шығатын жағдай жасалу қажет.

Күлия Бексұлтанова, Зеренді аудандық туризм бөлімінің жетекшісі:

- Щучинск-Зеренді тас жолының қайта салынуы біздің ауданның туризміне оң әсер етеді. Туристер қатары көбейеді деп күтіп отырмыз. Ал жергілікті кәсіпкерлер күре жолдың бойынан дәмхана, жанармай бекеті, техникалық қызмет көрсету орындары секілді нысандар тұрғызады.

Қазір жол құрылысына 300-ден астам техника мен 900-ге жуық адам жұмылдырылған. Жұмысшылардың көпшілігі жергілікті тұрғындар. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары келесі жылдың соңына қарай толық аяқталады. «Дегенмен биыл қысқа қарай асфальтпен жүре беруге болады», – дейді мамандар.

Амангелді Берімжанов, «ҚазАвтоЖол» АҚ Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Бұл жол негізінен үшінші техникалық категорияға жатады. Яғни екіжолақты болады. Ал Щучинск қаласы мен Зерендіден шыға берісте шамамен 5 шақырым жер төрт жолақты етіп салынады. Сондай-ақ Зеренді ауылындағы бұрылысқа бағдаршам қойылады. 

Сонымен қатар күре жолдың бойында 10 шақты автобус аялдамасынан бөлек, бірнеше жерден жолаушылардың тоқтап, тынығуына болатын алаңқайлар салынбақ. Ал оларда балалар ойнайтын арнайы орын да қарастырылады.

Айта кетейік, аталған жолдың құрылысына ел қазынасынан 15 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы