361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында ет өңдеу комбинаты салынып жатыр

  • 152

Қостанай облысының Арқалық қаласында ет өңдеу кешенінің құрылысы аяқталуға таяу.

Оны жүзеге асыруға бір миллиард теңге қаржы жұмсалды. Шұжық өнімдері мен консервіленген ет шығаратын жаңа өндіріс орны алдағы қазан айында толық іске қосылады.

Жайылымы құнарлы, шөбі шүйгін Торғай жері – төрт түлікті түгел бағуға қолайлы өңір. Бұрынғыдай төскейі тұяқтыларға толы болмаса да, бұл аймақ халқының дені қазірде күнкөрісін сол малмен айырып отыр. Жергілікті жұртты қинайтын басты жайт – жақын маңда ірі қараны тапсыратын, ет өткізетін орындардың жоқтығы. 600-700 шақырым жол жүріп Қостанайға апарғанша малдың қоңы да, құны да жоғалады.

Торғай Құлмұхамедов, шаруа:

- Пайдаға шығамын деп отырғанда, тең жартысы жол шығынымен кетеді. Мал өзі алысқа апарғаннан кейін салмақ жоғалтады, жүдейді. Осы өңірде осы Аманкелді, Амантоғайдың азаматтары, Торғай, Жанкелдин аудандарының бәрі де қиналып отыр.

Біраз жылдан бері әңгіме болып келе жатқан бұл мәселе биыл оң шешімін тапты. Жергілікті кәсіпкер Расул Мұқанов өткен наурыз айында ет өңдеу комбинатының құрылысын бастады. Негізгі жұмыс ауқымы бүгінде аяқталуға жақын. Таяу күндері Польша, Укрина, Қытай елдерінен қажетті құрал-жабдықтар жеткізіледі.

Қайрат Жиенбаев, учаске басшысы:

- Мына жақта мал сойылады. Мына жерде ішек-қарын тазаланады. Мына жағында тері қоймасы болады. Мына жерде тоңазытқыштар. Тәулігіне 50 бас мал сойылады деп отырмыз. Алдымызда шұжық цехы, консервілеу цехы болады.

Жоба бойынша мұнда күніне 10 тонна ет өңделіп, 3 тонна шұжық өнімдері, 1 тонна консервіленген ет шығарылады. Кәсіпорын басшылығы шикізаттан тапшылық болмайды деп отыр.

Расул Мұқанов, кәсіпорын басшысы:

- Осы кәсіпорын базасында ет кластерін дамытуды көздегенде, біз алдымен оны шикізатпен қамтамасыз ету жағын тыңғылықты зерттедік. Қазір қолда бар ірі қара саны бұл кешеннің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Біз Торғай өңірінен ғана, жақын маңдағы Қарағанды, Ақмола облыстарының малын сатып алатын боламыз. 

Құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары бір-екі аптаның ішінде басталып, комбинат қараша айына таман іске қосылады. Мұнда 120 адам еңбекпен қамытлады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы