353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Дәурен Абаев: Блокчейн Қазақстан үшін маңызды

  • 138

Блокчейн – болашақтың технологиясы. Кеше ғана ақпаратты кодтаудың жаңа жүйесі мәліметтерді алмасу тәсілінде дау тудырады деп айтылатын. Бірақ көп ұзамай, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазір блокчейн – әлемдік экономиканың басты трендіне айналып отыр.

Блокчейннің басты артықшылығы – мәліметтерді алмасуда делдалдардың болмауы. Бұл ақпаратты таратушыдан оны қабылдаушыға дейінгі аралықты қысқартады. Екі жаққа да керегі тек кодтың кілті ғана. Байланысты ірі бірлестік, әлде қарапайым қолданушы жүзеге асыра ма, ол маңызды емес. Ал ел экономикасы толық цифрландырылған кезде блокчейн күнделікті қолданысқа еніп, тиімділігі тіпті арта түспек.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және байланыс министрі:

– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында өте көп шара қарастырылғанын білесіздер. Солардың бірінде блокчейн платформасы қолданылады. Бұл Қазақстан үшін маңызды. Өйткені блкочейн арқылы барлық жүріп жатқан процестердің ашықтығына қол жеткіземіз. Мәліметтер базасы құрылады, яғни сырттан килігіп, әлденені өзгерту деген болмайды.

Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев – блокчейнге қатысты халықаралық конференцияға басты қатысушылардың бірі. Кездесу Бішкекте өтті. Іскерлік кеңестерді ұйымдастырушы Қырғыз үкіметі мен оңтүстіккореялық ай-ти компания. Сеул әлемде озық сандық технологияларды дайындау мен енгізу бойынша көшбасшылардың бірі болып саналады.

Дмитрий Шедко, Беларусь Республикасы Байланыс және ақпараттандыру министрінің орынбасары:

– Мұндай жаңалықтар көбіне күдік тудырады. Мемлекеттік мекемелер де осындай ұстанымда болды. Қазір бұл прогрестен шет қалу болашақты құрбандыққа шалумен бірдей. Бұл өз халқыңның келешегін, экономикалық әл-ауқатты, қауіпсіздік, тіпті дамуды мансұқ ету болмақ.

Қазір Қазақстан, Қырғызстан және Беларусьтің салалық мекемелері бірлесіп блкочейн платформасы туралы кеңес жүргізіп жатқаны құптарлық жайт. Еуразиялық үдерістерді ескерсек, келешекте сандық платформалар да ортақ болатыны айқын. Сөйтіп кез келген мәліметтерді алмасу жылдам әрі тиімді жүргізіледі. Ал әлемде сандық технологияға көшу жаңа техникалық төңкеріс ретінде қабылданды. Осы тарапта өзге де жаңашыл бастамалар бар. Бірақ олар барған сайын азайып барады. Сондықтан көш соңында қалмау үшін сандық платформаларға көшу қажет. Ол жоғарғы технологиялар саласында ғана емес, күнделікті өмірде де қолданыста болуы керек.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы