353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2020 жылдан бастап кез келген адам гепатитке қарсы тегін екпе алуға құқылы болмақ

  • 171

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, екпе күнтізбесіне сәйкес гепатитке қарсы вакцина салу тегін медициналық көмек тізіміне кіреді.

Яғни кез келген адам тегін екпе алуға құқылы болмақ. Бұл туралы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры мәлім етті. Өйткені соңғы жылдары осы дертке шалдыққандар саны артып келеді. Айта кетейік, бүгін – Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні. Ал еліміз – кепілді медициналық сақтандыру аясында гепатитке қарсы тегін емдеу көрсететін посткеңестік кеңістіктегі жалғыз мемлекет.

Біздің қоғамда адамдар ауруы жайлы айтқанды ұнатпайды. Оның бір себебі – айналасындағылардан ұялу, екіншіден орынсыз сұрақтардан қашқақтайды. Жабулы күйі қалғанның салдары «ауруын жасырған өледінің» керін киеді. Мамандар мұның бәрі адамдардың гепатитті қауіпті дерт ретінде мойындамауынан, немқұрайлы қарауынан екенін айтады.

Серік Тәңірбергенов, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры:

– Елімізде гепатиттің 5 түрімен есепте тұрған науқастар саны 70 мыңға жетті. Өкінішке орай, соңғы жылдары көрсеткіш өсіп келеді. Оған бірнеше себеп бар. Дегенмен тұрғындар қарапайым тазалық шараларын сақтауды ұмытпауы керек. Мәселен, көшеде келе жатып, тез дайындалатын тағамдарды жеу дұрыс емес.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «вакцина салудың нәтижесінде жыл сайын 2-3 миллион адамды өлімнен арашалап қаламыз», – дейді. Дәл осы иммундау шарасы адам ағзасын инфекциядан қорғайды. Сондықтан екпе егу әлемнің дамыған елдерінде денсаулыққа салынатын инвестиция деп бағаланады.

Венера Рахметова, гастроэнтеролог, медицина ғылымдарының докторы:

– Гепатит вирусын жұқтырған адам алғашында ауруы жайында білмеуі мүмкін. Бұл дерттің өзгешелігі де осы. Сондықтан кезкелген адам кемінде жылына бір рет тексерістен өтуі қажет. Себебі адам ағзасына кіргеннен кейін ол тоқтап қалмайды. Керісінше, қарқын алады. Шындығына келгенде, дер кезінде дертті анықтап емделмесе, соңы өлімге апарады.

Ақ халаттылар соңғы жылдары есепке алынған науқастар саны артып келеді деп дабыл қағуда. Мұның бәрі түптеп келгенде, қарапайым тазалық қағидаларын орындамау. Егер дұрыстап зарарсыздандырылмаса, маникюр, татуировка жасайтын құралдардан да қауіп төнуі мүмкін. 

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы