352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында 12 мың адам цифрлық сауаттылықты арттыру курсынан өтеді

  • 176

Бүгінде соның 8 мыңға жуығы арнайы білім алып үлгерді.

Оған 20 мектеп пен 40 оқытушы жұмылдырылған. Тұрғындардың сандық технологияларды тегін меңгеруге деген қызығушылығы артып келеді. Сондықтан 2 миллионнан астам халқы бар Алматы облысында компьютерлік сауат ашу курстарының мерзімі ұзартылуы мүмкін.

Текелі қаласының тұрғындары цифрлық сауат ашу курсына қуана келіп жүр. «Кейде Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, анықтама алудың өзіне қолың тие бермейді. Ал компютерлік бағдарламалар мен ақпараттық технологиялар тілін жетік білетін адам оған уақыт шығындамайды. Барлық шаруаны үйінде отырып-ақ тындырады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл мүмкіндікті неге молынан пайдаланбасқа», – дейді курсқа қатысушылар. 

Тоғжан Баталова, курсқа қатысушы:

- Электрондық кілтті оқып жатырмыз. Бұл жерде үйренгенім – ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Көп жеңілдіктері бар екен. Үйрендім, оңай. Барлығымызға қажет дүние деп ойлаймын.

Ұлан Боранбайұлы, курсқа қатысушы:

- Мемлекеттік қызмет түрлерін ешбір кедергісіз ала алады. Ол дегеніміз, әрбір азаматтың уақытын үнемдеуге, сонымен қатар басқа да қызметке, жұмыстарына бөгет жасамауға үлкен септігін тигізеді.

Мұндай тегін курстар облыстағы барлық қалалар мен аудандарда ұйымдастырылған. Оқу бағдарламасы, базалық машық, электронды үкімет, электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен электронды сауда сияқты 4 бағыт бойынша өтіп жатыр.

Жұмагелді Рысханұлы, «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ дирекорының орынбасары:

- Бүгінгі таңда 12 мыңға жуық адамды оқытуға бағдарлама қабылданған. Соған жеткілікті көлемде ақша бөлінген. Сол мәселе бойынша уақытымен оқыту жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 6 жасар баладан 90 жасқа дейінгі қария болса да, кімді болса да біз қабылдай береміз, оқытамыз.

Цифрлық сауат ашу курстары қыркүйек айына дейін жалғасады. Бірақ аймақта оған қызығушылар саны өте көп. «Сол себепті мерзімі ұзартылуы мүмкін», – дейді ақпараттық технологиялар орталығындағылар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы