361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Баянауылдан еліміздің 4 қаласына әуе қатынасы ашылады

  • 127

Ертіс өңіріндегі киелі өлке – Баянауыл ауданының тамырына қан жүгірді.

Басымдық туристік әлеуетке беріліп отыр. Жұртшылықты əсем табиғатымен тамсандырған аймақ биыл республикалық туристік картаның құрамына енгізілді. Жалпы бұл тізімде кең байтақ еліміздің 10 туристік орталығы бар. Бұл курорттық аймақты дамытуға мемлекет тарапынан барынша қолдау жасалатынын айғақтайды.

Демалушыларды Баянауыл жерінің ғажайыпқа толы тау-тастары мен әсем су-көлдері қызықтырады. Соңғы жылдары киелі жерлерде экологиялық, танымдық және спорттық туризм қарыштап дамып келеді. Бүгінде ұлттық саябақ аумағындағы табиғи ескерткіштерді таныстыратын 20-ға жуық бағыт бар.

Сақтай Кешубаева, турист:

– Баянауылда демалған ұнайды. Жасымыз ұлғайған соң, ауыратын жеріміз көп.  Соның бәріне ем. 

Мырзашоқы тау шаңғы кешені тынығушыларды өлкеге қыс мезгілінде тартуға септігін тигізбек. Теңіз деңгейінен 800 метр биіктікте орналасқан таудан төмен қарай сырғанайтын аспалы жол салынады. Оның құрылысына жергілікті кәсіпкерлер 300 млн теңге бөлген. Қазір құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Мамандардың есептеуінше, бірегей кешен бір туристік маусымда 50 мың адамды қабылдай алады.

Зейнолла Тәліпов, Баянауыл аудандық спорт, дене шынықтыру және туризм бөлімінің басшысы:

– Шаңғыларды жалға беру пункті, медициналық қызмет көрсету пункті, ас қабылдау орнының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 28 млн 500 мың теңге бөлініп, игеріліп жатыр.

Баянауыл жеріне шағын ұшақпен жететін күн де алыс емес. Курорттық аймаққа апаратын тұрақты ішкі рейстер мемлекет тарапынан субсидияланады. Жоба құны – 240 млн теңге.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Павлодар, Алматы, Астана және Қарағанды. Алдағы уақытта Баянауыл әуежайы арқылы еліміздің осы қалаларымен әуе жолы ашылады. Қазіргі таңда ұзындығы 1200 метр болатын ұшып-қону алаңының құрылысы аяқталуға жақын. Қуантарлығы, алдағы уақытта бұл жерге тек отандық әуе құралдары ғана емес, ресейлік кіші авиация құралдары да қону мүмкіндігіне ие болмақ.

Әзілхан Әбеуов, Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары:

– Кеңес үкіметі кезінде алаң болған. Ол кезде санавиация және ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне қажетті ұшақтар қонған. Қазір үлкен жоба жасап, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, әуежай салып қойдық.

Баянауыл туристік аумағы Алакөл, Алматы тау кластері, Бурабай, Маңғыстау рекреациялық кешені, көне Түркістан, «Ұлытау» тарихи-мәдени кешені, Балқаш көлі және Шарын шатқалы орындарымен қатар дамытылмақ. Нәтижесінде курорттық аймақтар халықаралық стандарттарға сай болады деп күтіледі.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Самат Оспанов

Хабар 24 телеарнасы