359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мүлік сатқандар зейнетақы жарнасын төлей ме?

  • 155

«Пәтер, көлік сатқандар кірісінің 10 пайызын зейнетақы қорына төлейді» деген сөз қаншалықты шындық?

Заңға жаңадан қандай өзгеріс енгізілді? Мәжіліс депутаты мен заңгерлер бұл сұраққа бүгін нақты жауап берді. Анығы – даурығып, дүрлігудің қажеті жоқ. Себебі, заңнамадағы жаңашылдықта мүлік сатқанның зейнетақы қорына жарна аударуы туралы мүлдем қарастырылмаған.

Сонымен, баяндайық. «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға» шілденің екісінде түзету енгізілді. Бұл өзгеріс тек «азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс табатын жеке тұлғаларға» қатысты. Міне, осы шартпен еңбек ететін азаматтар зейнетақы жарнасын төлеуге міндетті.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жұмысты орындадың ба, сол жасаған жұмыстың ақысын алдың ба, соның 10 пайызын зейнетақы қорына төлеуің керек. Жалпақ тілмен айтқанда осы. Бұрын төлегің келе ме, төлейсің, төлегің келмей ме, төлемейсің, солай болатын.

Яғни пәтер, көлік сынды мүлік сатқандар зейнетақы қорына 10 пайыздық жарна аудармайды. Енді кімдер, қандай жағдайда қорға табысының 10 пайызын беруі тиіс? Егер жұмыс беруші мен жұмысшының арасында «уақытша өтем туралы шарт» жасалса, жұмыс беруші автоматты түрде жұмыскерінің зейнетақы қорына еңбекақының 10 пайызын аударады. Бұл санатқа, адвокат, жеке сот орындаушылары мен нотариустар, тіпті саудагер, даяшылар сынды уақытша жұмыс істеп жүргендер жатады.

Айсана Сман, заңгер:

- Мен жұмыс беруші болсам, сіз маған жұмысқа тұрсаңыз, сізбен өтемақы туралы шартты бекіте отырып, зейнетақы қорына 10 пайызды аударып отыруым керек. Уақытша. Себебі сіз менде уақытша жұмыс істейсіз. Сіз менде 3 ай, 6 ай істеуіңіз мүмкін. Сол аралықта мен сіздің зейнетақы қорыңызға 10 пайызды аударып отыруым керек.

Бүгінге дейін мұндай шарт болған жоқ. Елімізде тек тұрақты жұмыс берушілер ғана жұмысшысының зейнетақы қорына табыстың белгілі пайызын аударады. Енді тек тұрақты ғана емес, келісім бойынша уақытша жұмыс ұсынатындар да қарамағындағы жұмыскердің еңбекақысының 10 пайызын зейнетақы қорына бағыттап отыруға жауапты. Ал егер бұл шарт орындалмаса, жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді.  

Авторлары: Қорған Төреқожа, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы