352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында қаңыраған үйлер қауіпке айналды

  • 159

Қарағанды облысындағы Абай қаласының тұрғындары иесіз қалған көпқабатты үйлерден қауіптенеді.

Ойын баласы да аңғал-саңғал осы ғимараттарды көп төңіректейді. «Ең үрейлісі, бұл жерлер нашақорлардың мекеніне айналған», – дейді жұртшылық.

Көпқабатты үйдің қабырғалары қақырап, құлауға жақын. Қараусыз қалған ғимараттың әбден тозығы жеткен. Сондықтан болар, ата-аналар балаларына оның маңында ойнауға тыйым салады.

Ол ол ма, бос тұрған үйдің ішінде күдік тудыратын адамдар жиі шоғырланады. Сол себепті мұндағы тұрғындар бірауыздан ғимаратты құлату керек деп отыр.

Оксана Огольцова, Абай қаласының тұрғыны:

- Оқушылар мектепке барып-келу үшін осы жолмен жүреді. Бір күні менің қызым бұл үйдің маңынан өтіп бара жатқанда, жоғары қабаттан дәл алдына шприц құлады. Бұдан былай қараусыз қалған ғимараттың жанымен жүрме деп тыйым салдым. Одан да айналып өткен жөн.

Татьяна Руппель, Абай қаласының тұрғыны:

- Тиісті органдар бұл ғимаратқа қатысты нақты бір шешім шығаруы тиіс. Не үйді құлату керек, не қайта қалпына келтіру қажет. Бастысы, жазатайым оқиғалардан сақтанғанымыз абзал.

Осыдан 6 жыл бұрын Абай қаласында екі тұтас шағынаудан қараусыз қалды. Арнайы сараптамадан кейін 56 бесқабатты үй апатты деп танылды. Оның 51-ін сол кезде құлатып тастаған. «Ал қалғанын жақын арада жермен жексен етеміз», – дейді жергілікті билік.

Дидар Қабаев, Абай ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:

- Бүгінде осы бес үй бойынша жобалау-сметалық құжаттама жасалды. Енді оларды құлату үшін 65 млн теңге қажет. Бірақ бұл ғимараттардан еш қауіп жоқ. Десе де қаражат бөлінетін болса, демонтаж жұмыстарын міндетті түрде істейміз.

Әкімдіктегілердің айтуынша, бұл ғимараттардың орнына жаңа үйлер салынбақ. Бүгінде Абай ауданында баспана кезегінде 1800-ден астам адам тұр. Биыл шағын шаһардың тұрғындарына 72 пәтер үлестірілді.

Айдос Асқаров, Абай қаласы құрылыс бөлімінің жетекшісі:

- Қазір қолымызда екі бесқабатты үйдің жобасы бар. Әрбірінде 80 пәтерден. Егер республикалық бюджеттен және облыстық қазынадан қаражат бөлінсе, онда келер жылы құрылыс жұмыстарын бастаймыз.

Қарағанды облысының тағы бір шағын шаһары Саранда да осындай проблема. Мұнда 100-ден астам көпқабатты үй қараусыз қалған.

Авторлары: Ж.Біркенов, Марк Брюшко және Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы