361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде жол ақысы қымбаттайтын болды

  • 152

Нақты тариф тамыз айының ортасында белгілі болады.

34 бағыт бойынша қызмет көрсететін тасымалдаушы кәсіпорын «баға өспесе, сапа жақсармайды» деген уәж айтады. Кәсіпорынның бюджеті паркті жаңғыртып, жаңа автобустар сатып алуға жұмсалмақ. Ал тұрғындар болса жол ақысының бірден қымбаттауына наразы.

Ақтөбеде қоғамдық көліктің жол ақысы осыдан 4 жыл бұрын қымбаттап, сол кезде 55 теңге тариф бекітілген еді. Тасымалдаушы компания содан бері бірнеше рет бағаны көтеру жөнінде ұсыныс жасағанымен, ол қабылданбады. Енді биыл тамыз айының ортасында жолақы 90 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Жолаушылар тасымалымен айналысатын 2 кәсіпорын қазір дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мысалы, «Автопарк» мекемесі жақында 20 су жаңа автобус сатып алып, жаңа бағыттарға шығарды. Жалпы, күнделікті қала көшелеріне шығатын қоғамдық көліктің 65 пайызы осы мекеменің меншігінде. Ұзақ жылдан бері тасымалдау қызметін көрсететін компанияның басшылары «4 жылдан бері шығынымыз еселеп артты», – дейді. Республика бойынша ең төменгі тарифті ұстап отыра алмайтындарын айтады. Автобус жүргізушілерінің жалақысы да мардымсыз.

Руслан Жылқаманов, жолаушылар тасымалы кәсіпорынының заңгері:

- Біз 90 теңге деп сұрап отырмыз. Себебі, күнбе-күн жанармай қымбаттап бара жатыр. Дизель отыны апта сайын 2 теңге қосылып отыр. Өткен аптада 181 болса, келесі апта – 183, қазір – 185. Күзге таман 200 болады деп жатыр. Бұл тасымалдаушыларға өте қиын.

Автопарктің бәсекелесі қалалық әкімдікке қарасты «Жолаушылар автокөлігі» кәсіпорыны да лизинг бағдарламасымен 80 автобус сатып алды. Өткен жылы 50 автобус алған еді. Тасымалдаушылар дайындалып жатқанда, 55 теңге тарифтің бірден 80 немесе 90 теңгеге өсуіне қала тұрғындары наразы. «Жыл сайын сатылы түрде өсіру керек еді», – дейді көпшілік. Әсіресе зейнеткерлер жағы жеңілдік сұрап отыр.

Жақсыгүл Сариева, қала тұрғыны:

- Зейнеткерлердің жеңілдіктерін де алып тастады. Дұрыс па, біз бұрын жеңілдікпен мінетін едік. Зейнеткерлер көп емес қой. Оны да алып тастады, оған да көндік. Жеңілдікті қайтарса деймін. Жалғыз мен емес, менің басымдағы жұрттың бәрінің басында бар.

Гүлсара Сәрсенбай, қала тұрғыны:

- Cатылы түрде көтерсе, әйтепесе соққы болады адамға. Баяғы жеңілдік қайда зейнеткерлерге. Екі аялдама – 180, ары қарай кетеді. Қалай жаяу жүресің қаланы айналып.

Тариф өскеннен кейін, электронды билет жүйесі енгізіледі. Күзде алғашқы тестілік режімге қосылған қоғамдық көліктер шыға бастайды. Қаладағы барлық автобусты бұл жүйеге енгізу бір күндік жұмыс емес. Қанатқақты жобаны іске асыруға 350 млн теңге қажет. Әзірге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Заманауи жүйенің тиімділігі автобустардың қайда жүргенін, қанша жолаушының мінгенін көріп отыруға болады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы