352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да балалар реабилитологы жетіспейді

  • 107

Шығыс Қазақстан облысында 30-дан аса медицина қызметкері ғана ауыр жарақат алған науқастар мен мүгедектерді оңалту бойынша білім алған.

Бұл туралы денсаулық сақтау саласы бойынша қоғамдық тыңдалым барысында айтылды. 

Екінші топ мүгедегі Андрей Жистовский спортпен шұғылданады. Ауруханаға сирек барғанды жөн көреді. Алайда сал ауруына шалдыққан оған массаж жасаушы мен ортопедтердің көмегі қажет. Ал отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда мұндай қызмет қарастырылмаған. Сол себепті облыстық оңалту орталығында айлап кезекке тұруға мәжбүр.

Андрей Жистовский, екінші топ мүгедегі:

– Маған массаж алуды ұсынады. Бірақ лайықты қызмет алу үшін жақсы дәрігер табу қиын. Мануалды терапевтке бір рет қаралу үшін 23 мың теңге төлеймін. Маған 12 сеанс алу керек. 

Өскемендегі оңалту орталығы астаналық емханалардан кем түспейді. Жылына 3 мың адам қабылдауға мүмкіндігі бар. Мұнда инсульт пен кардиологиялық операциядан кейінгі оңалту жұмыстары жүргізіледі. Алайда бар күш ортопедтер мен невропотологтарға түседі. Күнделікті келетін науқастардан бөлек, мұнда сал ауруы дертіне шалдыққан 900 бала қаралады. Мамандар жылына 400-ге жуық бүлдіршіннің тірек-қимыл аппараты жарақатымен түсетінін де айтып отыр. Бәріне лайықты қызмет көрсетуге мұндағы мамандар жеткіліксіз.

Татьяна Чернышова, облыстық денсаулық сақтау саласы бойынша қоғамдық кеңес төрағасы:

– Оңалту орталығы алғаш ашылғанда, оның басты қызметі мүлде басқа еді. Кардиологиялық науқастарды оңалтуға бағытталған. Қазір қызметтер едәуір артып отыр. Науқастардың саны мен дәрігерлердің үлесі қарама-қайшы.

Оңалту орталығының жұмысын жеңілдету үшін облыстық ана мен бала орталығы жанынан балаларды оңалту бөлімінашу ұсынылды.

Ермек Омарбеков, облыстық ана мен бала орталығының директоры:

– Мұндай мәселе бар. Біз оны шешуге тырысамыз. Шеберлік сағаттарын өткіземіз. Бірақ меніңше, ана мен бала орталығы жанынан балаларды оңалту орталығын ашатын уақыт жетті. Осы арқылы балаларымызға облыс аумағынан шықпай-ақ, алғашқы көмек көрсетуге болады.

Облыстағы реабилитолог сынды дәрігерлердің тапшылығын медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру арқылы жою көзделіп отыр. Бұл үшін облыс қазынасынан 1 млрд теңге қаражат бөлініп, ағымдағы жылы жергілікті 50 дәрігерді Еуропа мен Азияның үздік емханаларында оқыту жоспарланып отыр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Вячеслав Ветлугин

Хабар 24 телеарнасы