352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да жетімдерді жұмысқа орналастыру мәселесі өзекті

  • 332

Батыс Қазақстан облысында жыл сайын ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 20 шақты жас балалар үйінен шығады.

Олардың барлығына жұмысшы мамандығын тегін алуға жағдай жасалған. Ал 3 жыл бұрын қалада жетім балаларға арналған тігін цехы ашылды. Мұнда жастар ісмерлікке үйреніп қана қоймай, жұмысқа орналасуына да мүмкіндік бар.

Жетімдер үйінің түлектерін тігіншілікке баулитын мына цех – «Нұр» қоғамдық бірлестігінің қайырымдылық жобасының бір бөлігі. Алғашында олар сүлгі мен жұмысшы қолғабын тігіп көріпті. Алайда ол өнімдерге сұраныс болмаған. Нарықтағы жағдайды елеп-екшей келе бірлестік басшылығы балаларға арналған жұмсақ ойыншықтар жасауды қолға алыпты. 3 жылда мұнда 100 бойжеткен тігінші кәсібінің қыр-сырын меңгерген.

Жанар Франк, қоғамдық бірлестіктің жобалық менеджері:

- Балалар үйі түлектерінің ішінде өз кәсібін ашып жатқандары көп. Олар үшін қуанамыз. Бизнес-жоспар жасауға жәрдемдесеміз. Кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қорына бағыттаймыз. Шағын бизнесті, өз ісін жаңа бастаған қыз-келіншектерді қолдайтын мемлекеттік бағдарламаларды таныстырамыз.

Гүлжанай Шупенованың жасы 16-да. Отбасылық үлгідегі балалар ауылын мекендейді. Болашақта Алматы қаласында білім алуды армандайды. Сонымен қатар түрлі кәсіпті қазірден меңгеруге ниет қойыпты. Келешекте үлкен өмірде соның бәрі қадеге жарайды деп санайды.

Гүлжанай Шупенова, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

- Мен бұл тігін ісіне 10-15 күн оқып жатырмын. Осы мерзімде көп нәрсені үйрендім. Алжапқыш тігуді, кішкентай балаларға арналған сүйретпе тігуді үйретті. Іс тігу жаныма жақын. Болашақта жақсы меңгеріп алсам, осы істі әрі қарай алып кетермін.

Цехта айына 4 балабақшаға керекті жұмсақ ойыншықтар тігеді. Тапсырыс еліміздің барлық облыстарынан келіп түседі екен. 150 өнім түрі шығарылады. Бүгінде мұнда оқып жатқан 15 қыздың барлығы шәкіртақы алады. Келешекте олардың қабілеттілері осында жұмыста қалады. Жұмысқа орналасу – жетімдер үйінің түлектері үшін ең өзекті мәселенің бірі.

Баян Неталиева, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы жылы жетім, ана-анасыз қалған 13 түлек бітіріп, 11-і колледже оқуға түсуге құжаттар жинақтауда. Кездесетін қиындықтарымыз – кейде таңдаған мамандықтары бойынша жұмыс болмай қалатыны. Немесе әлі де тәрбиесі жеткіліксіз дегендей қиындықтар кездеседі.

Тәрбие демекші, жетімдер үйі түлектерінің қалаған оқуын тастап кететін жағдайлары жиі кездеседі. Мұның барлығы олардың тәртібін қадағалаудың кемшіндігінен. «Бұл ретте кәсіптік бағдарлау курстарын ұйымдастырудың маңызы зор», – дейді мамандар.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы