352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында 12 апатты мектеп бар

  • 191

Түркістан облысында үш ауысымды 10, апатты жағдайдағы 12 мектеп бар.

Еліміз бойынша апатты деп танылған 45 білім ошағының 3/1-і осы өңірге тиесілі. Қазір 9 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Аймақтағы апатты мектептер мәселесі қашан толық шешіледі?

Бұл – Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы №92 Ақсу орта мектебі. Білім ұясы алғаш 1986 жылы бастауыш мектеп ретінде ашылған. Кейін бала санының өсуіне байланысты 1990, одан 2000 және 2007 жылдары жапсарлас қосымша ғимараттар салынған. Уақыт өте келе жалғанған нысандардың арасы ажырап, соңғы екі жылда мектеп апатты деп танылды. 200 орындық оқу ордасында 600 бала үш ауысыммен оқуға мәжбүр.  

Илхамжан Ибрагимов, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

- Бұл мектеп есептеусіз асарлатып салынғандықтан, бір-біріне бірікпей, жыл сайын апатты боп, бізге қауіп төндіріп жатыр. Балалар кіріп оқуға да, мұғалімдердің өздеріне де, біздің өмірімізге де қауіп төндіріп тұр.

Әділжан Исрайлов, мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары:

- Көріп тұрсыздар, бәрі жарылып жатыр. Жөндеу жасасақ та болмай жатыр. Сырлаймыз, жөндейміз, бәрібір жаңбыр өтіп кетеді. Енді жаңа мектеп салып береміз деп жатыр. Жақсы болар еді.

Түркістан облысында 1029 мектеп болса, соның 10-ы үш ауысымды, 12-сі апатты жағдайда. Олардың жетеуі – Сарыағаш, үшеуі Қазығұрт, қалған екеуі Мақтаарал мен Сайрам аудандарында орналасқан. Осы мәселені шешу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 5652,14 млн теңге қаржы қарастырылған. Қазір 9 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Нұржан Ізтілеуов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 2018 жылдың қорытындысымен 9 апатты және 5 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Демографиялық өсім өте жоғары. Сондықтан 3 ауысымды мектептің проблемасы жыл сайын шығып жатыр. 2017-2018 оқу жылы бізде 51 мың бала 1 сыныпқа барса, 2018-2019 жылы 55 мың бала, яғни 5 мың бала артық келеді деп жоспарланып отыр. Бұл Шымкент қаласын қоспағанда. 

Бүгінде Қазығұрт пен Мақтаарал ауданындағы апатты 2 мектептің орнына салынған жаңа нысанның құрылысы тапсырылды. Облыстағы жауапты мамандардың айтуынша, келер жылы аймақтағы апатты мектептердің бәрі жойылады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Нұрмақан Мұсатов, Нұрмақан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы