356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде мұнай ұрлағандарға қатысты сот үкімі шықты

  • 203

Ақтөбеде атышулы «4 ағайынды» ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты.

9 айға созылып, 257 том болған іс бойынша 26 адам жауапқа тартылған еді. Оларға Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша, яғни «мұнайды заңсыз тасымалдады, сақтады және сатты» деген айып тағылды. Ал топтың серкесі Еркін Ізбасаров қылмыстық топ құрды деп айыпталды.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін аса ірі көлемдегі мұнай ұрлығына қытысты қылмыстық іс бойынша 26 адамға сот үкімі шықты. Сот ашық жағдайда өтті. Сот ғимаратының ішінде бүгін ине шаншар жер жоқ. Зардап шеккен жақтың өкілдері, сотталушылардың тума-туыстары, қорғаушылар мен айыптаушы жақ және БАҚ өкілдері келді. Ғимаратқа арнайы күзет қойылып, кіріп-шыққандар тексеріліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың желтоқсан айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен Ақтөбе облыстық ІІД арнайы операция өткізіп, ірі қылмыстық топтың жолын кескен болатын. Жедел шара кезінде мұнай ұрлауға қатысы бар деген күдіктілер ұсталып, мұнай өнімдері құйылған автоцистерналар тәркіленді. Қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылған 26 адамның 17-сі қамауға алынса, бесеуі кепілдікпен босатылды. Қалғандары ешқайда шықпау туралы қолхатпен жүрді. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсының өз міндеті болған. Атышулы қылмыстық іс сотта 9 ай бойы қаралып, бүгін үкім шықты. Топ мүшелері 3 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Еркін Ізбасаров ауыр қылмыс жасады деген айыппен 12 жылға кесілді.

Ахметқали Молдағалиев, судья:

– 58-баптың 3 бөлімі негізінде қылмыстық заңбұзушылықтарды біріктіре отырып, Ізбасарға 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық жолмен табылған барлық жеке мүлкі мен қаражаты тәркіленсін. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің жоғары қауіпсіздік жағдайда өтесін.

Айта кетейік, қылмыстық топ құрамында Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті басшысының бұрынғы орынбасары да Аханов та болған. Оған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін бүркемелеп, заңсыз тасымал жасауға жағдай жасады деген айып тағылды. Сот үкімімен ол 5 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Сонымен бірге подполковник шені қайтып алынды.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандар 15 күн ішінде Жоғарғы сотқа аппеляциялық шағым түсіре алады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы