352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Барыс» клубының мүшелері ерекше күтімді қажет ететін балалармен кездесті

  • 107

Ерекше күтімді қажет ететін бір топ бала бүгін «Барыс» хоккей клубының мүшелерімен кездесті.

Жасөспірімдер мұз айдынында хоккейшілердің ойынын тамашалап, ерекше сый-құрметке бөленді.

Бүгін мұз айдынына елордадағы арнайы коррекциялық мектеп-интернатының 25 оқушысы барды. Жеткіншектер ата-аналарымен бірге аренаны аралап, жігіттердің жаттығуын тамашалады. Ерекше көңіл күйге бөленген балаларға барыс хоккейшілері сыйлық берді. Естелік суретке түсті, ізгі ілтипат білдірді.

Айнаш Бейсенбекова, қала тұрғыны:

– Балалар өте қуанышты. Сыйлықтар ұнады.

Айсара Рүстембекова, қала тұрғыны:

– Мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырмын. «Барыс» хоккей командасына ризамыз.

Балаларды қанаттандыратын мұндай кездесуге мұрындық болған республикалық қайырымдылық қорының бірі. «Жақсы іс атқарайық» атты жобаның шеңберінде қор өкілдері осындай шара ұйымдастыруды үрдіске айналдырған. 

Салтанат Әскербекқызы, республикалық қайырымдылық қорының Астана қаласындағы өкілі:

– Арнайы коррекциялық мектеп интернат болғаннан кейін ерекше қарым-қатынасты қажет ететін балалар. Яғни олар эмоциялық тұрғыдан, өзін-өзі ұстау тұрғысынан ерекше. Дегенмен де балалар толыққанды өзгелер сияқты ойнайды, жүгіреді. Спорт түрлерімен мүмкіндігінше шұғылданады, қызығады.

Барыс хоккейшілерінің бүгінде дайындығы қызу. Алда жаңа маусым. Құрлықтық хоккей лигасы тұр. Жігіттер соңғы маусымда нәтижелі ойын көрсете алмағаны белгілі. Сондықтан команда мүшелері биыл жаңадан жасақталып, барын салуға бел буып отыр. Оның таныстырылымы төртінші тамыз күні өтпек.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы