352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай тұрғындарының су үшін қарызы 68 млн теңгеден асып кеткен

  • 136

Қостанай қаласы тұрғындарының суға қарызы бірнеше жылдан бері қордаланып, 68 млн теңгеден асып кеткен.

Коммуналдық мекеме қызметкері төлемдердің уақытылы жүргізілмеуі жаңарту жұмыстарына кедергі келтіріп отырғанын айтады. Сондықтан да олар берешекке белшеден батқан үйлердің құбырын қиюға көшті. Қатаң шара қолдану қандай нәтиже берді?

Абылай Мауданов, тілші:

- Жыл басынан бері Қостанай қаласында ыстық су, суық су қызметіне қарыз абоненттердің саны отыз мыңға жеткен. Олардың бүгінгі таңдағы жалпы берешегі 45 млн теңгеден асып отыр. Тіпті он жылдап төлем төлеуді «ұмытқан» тұрғындар да бар.

Мысалы, Штабная көшесіндегі мына үйдің есік ашпай, мамандарды әуреге салғанына алты жылдан асыпты. Тұтынушының жалпы қарызы 40 мың теңге көлемінде. Ескертулерден еш нәтиже болмаған. Ақыры ең соңғы шара – экскаватордың көмегіне сүйенуге тура келді.  

Шаймерден Шипин, слесарь:

- Қазіргі таңда мына үйге баратын трубаны қазып алып, сосын дәнекерлеп жауып тастаймыз. Өйткені ол орталық құбырға жердің астынан тіркелген суға.

Тап осындай жазалау шарасы жаз шыққалы алпыс абонентке қолданылған. Олардың ішінде көпқабатты үйдің тұрғындары бар.  

Сәулеш Раисова, «Қостанай-су» МКК бөлім басшысы:

- Біз сот орындаушылармен, полиция қызметкелерімен бірігіп тексерістер жүргіздік. Оның нәтижесінде берешек көлемі 10 пайызға, заңды тұлғалардың берешегі 46 пайызға азайды. Екі айдан артық төлем жүргізбегендерге шара қолданамыз.

Бүгінде облыс орталығындағы су желілерінің 55-70 пайызының тозығы жеткен. «Ал төлемдерді шегеру құбыр жаңарту жұмысын кешіктіреді» дейді «Қостанай су» кәсіпорны қызметкерлері. Айта кету керек, соңғы бір жарым жылда коммунальдық мекеме ұзындығы 22 шақырым құбыр ауыстырған. Оған 1,5 млрд теңгеден артық қаржы жұмсалды. 

Авторлары: Абылай Мауданов, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы