369.36 436.00 5.46

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда салауатты өмір салтын қолдау орталығы гепатитке қарсы шара өткізді

  • 162

Тазалық - денсаулық кепілі. Бұл қағида сәбилердің санасына ерте бастан сіңірілуі тиіс.

«Тоқта, гепатит» Ұлттық бағдарламасы шеңберінде Павлодардың Салауатты өмір салтын қолдау орталығы №96 балабақшамен бірлесіп, ертеңгілік өткізді. Мұнда бүлдіршіндер қауіпті  вирус туралы театрландырылған қойылым арқылы білді. 

Бұл екі кейіпкер ауру тудыратын жұқпаның ролінде. Олар лас жерлерде өмір сүреді. Балаларды өздерінің қатарына қосуға тырысады. Оларға қарсы шыққан келесі топ бүлдіршіндерді тазалыққа шақырады.

Юлия Лазарева, ата-ана:

- Біздің балабақшада гепатит жұқпасы ешқашан тіркелген емес. Басқа да жұқпалы аурулардың таралғаны туралы естімептік.Өйткені алдын алу шаралары уақытында жүргізіледі.

Дәрігерлер  «А» гепатиты жұқпалы аурудың кең таралған түрі дейді. Асқынып кетсе бауырды зақымдайды. Сырқатқа балалар көп шалдығады. Сондықтан  сәбиді тазалыққа үйретудің маңызы зор.

Ольга Барсукова,  облыстық балалар ауруханасының инфекционист-дәрігері:

- Гепатиттің арнайы алдын алу шараларына келсек, ағзаны қорғайтын екпе салынады. Ол бізде ұлттық екпелер тізімінде бар және   2 жасар  балаларға жасалады.

Облыста эпидемиялық ахуал тұрақты. Бірақ Салауатты өмір салтын қолдау орталығы жұқпалы ауруларға  қарсы күресті үнемі жүргізуге кеңес береді. Вирустық гепатиттің алдын алуға бағытталған  Ұлттық бағдарлама осыны негізге алған.

Анар Тұрарова, «Салауатты өмір салтын қолдау орталығы» ЖШС маманы:

- «Гепатит, тоқта» деген мемлекеттік ұлттық бағдарлама бар. Осы бағдарлама бойынша барлық мектепке дейінгі мемлекеттік мекемелер жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде біз әртүрлі семинар, дөңгелек үстелдер, спорттық ойын-сауықтыру шараларын бірлесіп жұмыс жасаймыз.

Гепатиттің бес түрі кездеседі. Ең қауіптісі «В» мен «С» жұқпасы. Ол аурудың созылмалы түріне ұласып, бауырдың қатерлі ісігінің дамуына себепші болады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы