353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада 13-қабаттан құлаған 6 жасар бала аман қалды

  • 125

Қазір оның денсаулығы дәрігерлердің жіті назарында.

Жалпы, жаз басталғалы осыған ұқсас оқиғалар жиілеп кеткен. Соңғы бір апта ішінде 6 бала абайсызда биіктен құлап, түрлі дәрежедегі жарақат алған.

Бұл – Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірі. Дәл осы баспалдақтан, яғни бесінші қабаттан 6 жасар Нұрай абайсызда құлап кеткен. Аман қалғанымен, аяғы мен жамбасы сынып, басы зақымданды. Алдағы дүйсенбі күні қаршадай қызды операция күтіп тұр. 

Гүлнәр Үмбетова, ана:

- Далаға ойнаймыз деп жүгіріп шығып кеткен. Сол екі ортада баспалдақтан құлап кетіпті. Біз барғанша балам ес-түссіз жатыр екен. Көршілер жедел жәрдем шақырып, өзімнің де есім шығып кетті. 

Ал 5 жасар Батырханға жасалған операция сәтті өтті. Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын ол 8-қабаттан терезеден құлап кеткен еді. Ол да жарақат алып, ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген. 5 күн жансақтау бөлімінде жатты. Тіпті, ақхалаттылар аяғына арнайы сым таңып берген. Сол темір құрсау тек бір жыл өткен соң алынды.    

Динара Алаубаева, ана:

- Бір жылдан кейін порталмен келеміз деп келіскенбіз, басқарушы бізді қабылдап алды. Бүгін операция істеді. Барлығы жақсы екенін айтты.

Астанада жоғарыдан құлаған бала саны азаймай тұр. Мәселен, 2017 жылдың алғашқы жартысында 28 бүлдіршін зардап шексе, биыл тек шілде айында 14 оқиға тіркелген. Ал қазір №2 балалар ауруханасында 7 бүлдіршін жатыр. Оның алтауы 1 апта ішінде түскен. Төртеуіне операция жасалды, тағы екеуі өз кезегін күтеді. Олардың арасында 13-қабаттан құлаған бала да бар.

Жарылғасын Бектасов, №2 Астана қалалық балалар ауруханасы Жарақат бөлімшесінің меңгерушісі:

- 13-құлаған бала 6 жаста. Аман қалған. Тіпті, кішкентай деуге де келмейді: 2-3 жасар емес қой, сана-сезімі бар. Осындай жағдай қиын болып отыр.

Бұл жағдай 32 жылдық еңбек өтілі бар маман Жарылғасын Бектасовтың тәжірибесінде алғаш рет кездесіп отыр. Оның айтуынша, ондаған метр биіктіктен құлағанда, ересектердің өзі жан тапсыратын көрінеді. Сондықтан бұл оқиғаның қайталанбауы айналып келгенде ата-анаға байланысты. Сондай-ақ қазіргі терезелердің құрылымын да басқаша жобалау уақыт күттірмейтін мәселе екенін айтады дәрігер.  

Жарылғасын Бектасов, №2 Астана қалалық балалар ауруханасы Жарақат бөлімшесінің меңгерушісі:

- Профилактикалық жұмыспен қолға алуға болады. Бұл жол апаты емес, бұл жайттың алдын алуға болады. Терезелердің құрылымын өзгертсе, қайғылы оқиға да азаяды. 

Маманның айтуынша, бұл мәселенің көтерілгеніне бірнеше жыл болды. Алайда құрылыс компаниялары қазіргі үлгілерді өзгертуге асығар емес. Ата-аналардың да терезеге арналған қосымша құрылғылар сатып алып, баланы үнемі назарда ұстаудан басқа амалы жоқ.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы