352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қапшағайда 140-тан астам жеке демалыс орны бар

  • 157

Алматы облысының аумағындағы Қапшағай, Алакөл, Балқаш көлдерінің жағасында демалушылар саны жылдан-жылға артып келеді.

Жетісу жеріне өткен жылы 1,5 миллионнан астам саяхатшы келсе, соның басым бөлігі осы көлдердің жағасында тыныққан. Туризмнің дамуына инфрақұрылымның жақсаруы да оң әсер етіп отыр.

Қапшағай қалалық жағажайы биылғы шомылу маусымында пайдалануға берілді. Содан бері мұнда келушілер қатары еселеп арта түскен. Ірі мегаполис Алматының іргесіндегі жасанды көлдің жағасында өткен жылы 500 мыңға жуық адам тынықса, биыл демалушылардың саны 800 мыңға жетеді деген болжам бар.

Ілияс Сүгіров, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары:

- Алматы-Қапшағай ортасындағы жолдың жақсы болуына байланысты осы демалушылар да қазір көбейіп жатыр. Енді өз тарапымыздан мұны дамыту жайлы жоспарымыз бар. Бұдан ары қарай дамытылады.

Мұнда 7 қалалық жағажай мен 140-тан астам жеке демалыс орны бар. Қапшағай көліне жұмыс күндері 700-дей, ал демалыс күндері 1500-ге жуық автокөлік келіп кетеді. Қалалық жағажайда қазір 15 құтқарушы жұмыс істеп жатыр.

Мөлдір Жуасбаева, демалушы:

- Қоқыс жәшіктерін қойған. Жақсы, таза. Құтқарушылар да жақсы. Сақ болуды ескертіп жатады. Жаман емес, былтырғыдан жақсы.

Астана мен Алматыдай алып шаһардың тұрғындары осы күні жол қатынасының жақсаруына байланысты Қапшағаймен шектелмей, Балқаш пен Алакөлге ағылатын болды. Оған Үшаралдағы жаңа әуежай мен теміржол вокзалының пайдалануға берілуі оң әсер етті. Айдынды Алакөлдің жағасында 200-ге жуық демалыс орны бар. «Ағымдағы жылы Жетісу жеріне келетін саяхатшылардың саны 2 миллионға жетіп жығылуы мүмкін», – дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы