352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысына 170 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр

  • 164

Түркістан облысындағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға үкіметтен 170 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі агроөнеркәсіптік бағдарламалар мен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын талқылауға арналған жиында айтты.

Еліміздегі инвесторларға жасалып жатқан қамқорлықты жақсы түсінген шетелдік ірі компаниялар Қазақстанға қаржы салуға ниетті. Мәселен, түркиялық холдинг басшысы Жамалладдин Шекер мырза Түркістан облысына 500 млн доллар көлемінде инвестиция тартып, 20 гектар жерге жылыжай ашпақшы.

Жамалладдин Шекер, холдинг директоры:

- Біз жылыжай құрылысымен айналысамыз. Әлемнің 76 мемлекетінде осындай кешендер салдық. Қазақстанда инвесторларға көп жағдай жасалған. Сондықтан біз қияр, қызанақ, құлпынай өсіретін жылыжай ашуды көздеп отырмыз.

Сондай-ақ семинар-кеңесте кооперация негізінде етті және сүтті мал шаруашылығын дамыту жайы сөз болды. Өңірлік салалық бағдарламалар шеңберінде 10 жылда бордақылау алаңдарының жанынан сүтті ірі қара мал басы 150 мыңнан асатын 3000 отбасылық ферма құру жоспарланып отыр. Қой басы 300 мың басқа дейін көбейтілмек. Кәсіпкерлердің алдындағы ендігі меже – шетелге ет экспортын ұлғайту.

Сырым Ертаев, кәсіпкер:

- Қазіргі таңда біздің малымыздың етіне Ауғанстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Иран, Ирак, БАӘ елдері қызығып отыр. Сол елдермен де келісіміз бар. Біз оған жету үшін көптеген ет комбинаттары болуы керек. Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланудың арқасында біз Сайрам ауданында 10 мың басқа арналған бордақылау жұмысын бастап, 80 пайызға жұмысын аяқтадық.

Жиынға қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев облыстағы суармалы жерді тиімді пайдаланып, әрбір аудандағы қолданылмай жатқан егістік жерлерді қолданысқа енгізіп, суармалы жерлердің көлемін арттыруды тапсырды.

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі:

- Біздің келешегіміз суармалы жерлерде. Бүкіл егістік көлемін алғанда біздің суармалы жеріміз 7 пайызды құрайды. Одан шығатын өнім барлық ауыл шаруашылығының 40 пайызын құрайды. 1 млн 400 мың суармалы жеріміз бар. Бәрін алсақ, 2 млн-ға жеткіземіз.

Жиынды қорытындылаған Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысындағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға үкіметтен 170 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отырғанын жеткізді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Нұрмақан Мұсатов, Нұрмақан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы