352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысындағы суармалы егін алқаптарының көлемі ұлғаяды

  • 138

Алдағы 2-3 жылда Алматы облысындағы суармалы егін алқаптарының көлемі 120 мың гектарға артады.

Биыл жетісулықтар майбұршақ, қант қызылшасы, жүгері сияқты дақылдарды 5 мың гектарға көбейтті. Диқандар бұл дақылдардың өнімділігін жаңа технология арқылы арттырмақ.

Ескелді ауданында 22 мың гектар суармалы алқап бар. Оны ұлғайту үшін биыл ұзындығы 300 шақырымға жуықтайтын ирригациялық жүйелерді тазарту қолға алынған. Жаңадан 77 гидроторап салынады.

Нұрлан Қырықбаев, Ескелді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

– Осы жұмыстар аяқталса, ауданда 4 мың 262 гектарға жуық суармалы жерлер жаңартылады.

Ауданда күздік бидайға орақ түсті. Механизатор Александр Левшин мұндай науқанға оныншы мәрте қатысып отыр.

Александр Левшин, комбайншы:

– Көңіл-күйіміз жақсы. Бидай бітік шықты. Астықты заманауи техникамен жинаған керемет.

Тілеуқабыл Мыңжасар, тілші:

– Бидайы белуардан келетін алқапта өнім өте жоғары. Комбайншылардың айтуынша, мың метрден 1 бункер толады. Демек әр гектардан 50 центнерден өнім алынуда.

Биыл облыста суармалы егіс алқаптарының көлемі 5 мың гектарға көбейтілсе, енді үш жылдан кейін ол 120 мың гектарға жетеді. Жылма-жыл үлесі артып келе жатқан дақылдың бірі – қант қызылшасы. Қазіргі көлемі – облыс бойынша 11 мың 200 гектар. Алқапта бұрынғыдай арамшөптер жоқ. Бұл – заманауи технология мен жаңа техниканың арқасы. Ал тәтті түбірдің алды қазір шамамен 2 келіге жуықтады. Шаруа қожалықтары бұл жердің әр гектарынан мың центнерден өнім аламыз деп отыр. Бұл кеңестік замандағы рекордтардан 2 еседей артық.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы