352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астаналықтар қаладағы инфрақұрылымдық жобаларды онлайн арқылы бақылай алады

  • 123

Астаналықтар қалада жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды онлайн бақылау мүмкіндігіне ие болды.

Бұл бірінші ретте тұрғын-үй, мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты. Сондай-ақ елордада салынып жатқан жолдар да ел назарында болады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы бар ақпаратты тұрғындар Астана қалалық әкімдігінің сайтынан таба алады. 

Әкімдік сайтындағы жобалық кеңсе бөлімінде жүзеге асып жатқан 171 жоба жайлы қажетті ақпаратқа қол жеткізуге болады. Соның бірі – Абай мен Күмісбеков көшелерінің қиылысында орналасқан жаңа мектеп. Сайттағы дерекке сүйенсек, нысанды тапсыру мерзімі – 2018 жылдың 31 желтоқсаны. Алайда жауапты мекеме өкілдері мектеп 1 қыркүйекте пайдалануға берілетінін айтады.

Ерназар Құсайынов, Астана қаласы әкімдігі жоба кеңсесі департаментінің бас менеджері:

– Біз көріп тұрған нысан – 1200 балаға арналған мектеп. Сайтта мердігер мекеме, құрылыстың басталған уақыты сияқты маңызды мәліметтер көрсетілген. Сондай-ақ жобаның жетекшісі жайлы ақпарат та бар. Құрылыс жұмыстарының 97 пайызы аяқталды.

Порталдағы деректің шынайылығына нысанға барып көз жеткізуге болады. Мәселен, біз айтқан мектептегі жөндеу жұмыстары ғимараттың ішінде ғана жүргізіліп жатыр. Яғни құрылыс аяқталуға жақын. Әкімдік сайтындағы осы сияқты басқа да инфрақұрылымдық жобалар төрт бағыт бойынша жинақталған. Ондағы мәліметтер апта және ай сайын жаңарып отырады.

Тілек Бекішев, Астана қаласы әкімдігі жоба кеңсесі департаментінің менеджері:

– Астана қаласы әкімдігінің сайтынан тұрғындар жобаға кімнің жауапты екенін де біле алады. Әкімнің қай орынбасарының бұл мәселемен айналысатыны да жазылып тұрады. Бастысы құрылыс жүріп жатқан нысанның суреттері жарияланады.

Былтырдан бері әкімдіктің барлық жобасы цифрлық форматқа көшіріліп, жобалық кеңсе жүйесіне енгізілген. Айта кетейік, жыл соңына дейін білім және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды да ел назарына ұсыну жоспарда бар.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы