352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Баянауылда «Экологиялық велотуризм» жобасы аясында оқушылар табыс тауып жүр

  • 129

Баянауыл ауданында «Экологиялық велотуризм» жобасы жүзеге асып жатыр.

Шәкен Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы бойынша 1 миллион теңге көлемінде кіші грант ұтып алған болған. Бұл қаржыға алынған 15 велосипед қазір оқушылар үшін табыс көзіне айналған. 

Күн сайын велосипед мінген бір топ жеткіншек Сабындыкөлдің маңайын тұрмыстық қалдықтардан тазартуға шығады. Ойын баласы үшін бұл қиын жұмыс емес. Еңбектің арқасында 30 мың теңге айына жалақы алып, ата-аналарына көмектеседі.

Ержан Рақымтаев, Ш.Айманов атындағы мектеп-интернаттың тарих және география пәнінің мұғалімі:

– Қазір туризм саласы Баянауылда өркендеп келеді. Туристер көрші облыстардан көп келіп жатыр. Келешекте түскен қаржыға велокөлік түрлерін көбейтсек деген ой бар.

Велотуризм жобасы ерекше қызығушылық тудырған. Жұмыс істеуге ниет білдірген оқушылар саны көп. Ұстаздар бұл бір жағынан балаларды патриоттық тәрбиеге баулитынын айтады. Өйткені күннен күнге ластанып бара жатқан экологияны құтқаруға атсалысады.

Нұр Дәулетхан, Ш.Айманов атындағы мектеп-интернаттың оқушысы:

– Біз осы акция бойынша Баянауылды тазартуға үлкен үлес қостық. Баянауыл курорттық аймақ болғандықтан, бұл жерге туристер және қонақтар көп келеді. Олардан қалған қоқыстарды жинастырамыз.

Салтанат Досмағамбетова, Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатының директоры:

– Ол табыстан біз оқушылардың еңбек ақысын төлейміз. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған адамдар бар. Сондай отбасылардың балаларын жұмыспен қамтимыз.

Экологиялық велотуризмнен түскен қаржыға мектептегі инклюзивті сабақ өткізілетін кабинеті жасақталған. Көрнекі құрал ретінде шағын киіз үй сатып алыпты. Артылған қаражат «Мектепке жол» акциясының есепшотына түседі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы