361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысындағы петроглифтер қамқорлықты қажет етеді

  • 201

Түркістан облысының Созақ ауданы тарихи-мәдени ескерткіштерге тұнып тұр.

Абай ауылы маңындағы Арпа өзенінің бойында қола, сақ дәуіріне тән 3,5 мыңға жуық петроглиф сақталған. Тарихи-мәдени тұрғыдан құнды жәдігерлер қамқорлықты қажет етеді. «Өйткені біріншіден таңбалы тастарды жел мен жаңбыр тоздырса, екіншіден адамдар да зиянын тигізіп, бүлдіріп кетуі мүмкін», – дейді мамандар.

Келіншектаудың етегі, Арпа өзенінің аңғары ғажайып ескерткіштердің отаны іспетті. Шайхыислам шатқалында үш жарым мыңға жуық суреттер мен таңбалар бар. Жартасқа қашап салынған бұл суреттерде бұғы, құлан, арқар, тауешкі сияқты жабайы аңдар мен атқа мінген аңшылар бейнеленген. Ал ауыл тұрғындары «бұл таңбалы тастар жете зерттеліп, туристер назарына ұсынылса», – дейді.

Қанат Әбілдаев, Абай ауылының тұрғыны:

– Біз мал баққан уақытта, тауға шыққан кезде осы Арпа өзенінің төменгі жақ, Шайхыислам аңғарынан осындай жәдігерлер көптеп кездеседі. Бұғының, әртүрлі аңдардың суреттері бар. Ауылдың сыртында, таудың ішінде болғаннан кейін, жалпы туристер, адамдар келе бермегеннен кейін зерттелмей жатыр.

Бұл суреттер сол дәуірде өмір сүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрыпынан хабар береді. Олардың дені қола, сақ дәуіріне жатады. Бірақ осы тарихымыздың баға жетпес байлығы саналатын құнды жәдігерлерді бүлдіріп кететіндер де бар. «Далалы жерде орналасқандықтан, оларды үнемді назарда ұстап, бақылап отыру мүмкін емес. Сондықтан көбіне жеке азаматтардың ішкі мәдениетіне иек артамыз», – дейді мамандар.

Жандос Құрбан, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Негізі таңбалы тастар ол тау сілемдерінде орналасқан. Оны көтеріп әкету мүмкін емес. Дәл Арпа өзені петроглифтерін алып қарайтын болсақ, ол өзінен-өзі аспан астындағы мұражайға сұранып тұр деп ойлаймын. Бұл жерде музейлендіруге басым бағыт беру керек сияқты.

Қалай десек те, жартастағы жәдігерлер мен көне таңбалар – төл тарихымыздың алтын шежіресі. «Оны мемлекет қамқорлығына алып, жойылып кетуден сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз», – дейді археолог-ғалымдар. Ал оны жүзеге асыруға Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негіз болмақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Нұрмақан Мұсатов, Нұрмақан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы