352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Бүркіт» арнайы жасағының қатары толықты

  • 483

Ақтөбедегі 66/55 әскери бөлімінің «Ақжар» оқу-жаттығу орталығында Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы жасағына үміткерлер біліктілік сынағын тапсырды.

Сыннан сүрінбей өткендер күрең берет киіп, «Бүркіт» кеуде белгісін тақты.

Арнайы мақсаттағы бөлімдер арасында «әскердің элитасы» деп аталатын «Бүркітте» күрең береттілер қатары жыл санап артып келеді. Бұл бөлімде санға емес, сапаға көңіл бөлінеді. Биыл сынақ тапсыруға 102 әскери қызметкер өтініш білдірсе, олардың 66-сы іріктеліп алынған. Оның ішінде 9 мықты деген жігіт сынақ тапсырып жатыр.

Әскерилер арасында «нағыз сарбаз күрең берет киеді» деген сөз бар. Жыл сайын жүздеген әскери қызметкер арнайы сынақ тапсырса, соның бірнешеуі ғана жасақ құрамына қабылданады. «Бүркіт» арнайы жасағын болаттай берік қалқан десе болады. Себебі, бұл бөлім ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының шартына сәйкес, арнайы мақсаттағы операцияларға қатысады. Лаңкестік шабуыл кезінде алғы шепте жүретін де осылар. Содан болар, қойылатын талап пен қабылдау сынағы да оңай емес.

Мақсат Әбеуов, Қарағанды қаласындағы «Бүркіт» арнайы жасағының командирі:

- Бұл жерде 75 шақырымдық екінші кезеңдегі сынақ ауыр болды. Бұл жерде түскі уақытта уланған аймаққа жеткен кезде, көбі ауа жетіспей трассадан шықты. Бізде күрең берет – қайсарлықтың белгісі, ал кеуде белгісі кәсіби шеберліктің нышаны болып табылады. Сондықтан күрең берет алу мен кеуде белгісін алу жасақ жауынгерлеріне үлкен абырой. Бұл жерде шет елдерде 3 жыл оқу-жаттығу кезіндегі дәрістерін дәлелдейді.

19 үміткер 5 күн бойы бірнеше ауыр сынақ тапсырды. 75 шақырым жүріп өтті. Салмағы 25 келі болатын қару-жарақ салынған жәшіктерді көтеріп, кедергілерден өтті. От пен судың, қарша бораған оқтың ортасынан өтіп, межеге аман-есен келді. Соңғы сынақта бұған дейінгі жылдары күрең берет киген әріптестерімен жекпе-жекке шықты.

Арыстандай айбатты жігіттер өздері армандаған күрең беретті киді. Бұлардан бөлек, тағы 2 адамға «Бүркіт» кеуде белгісі табысталды. Олар күрделі операциялар кезінде ерлік көрсеткен.

Бексұлтан Айтбай, Шымкент қаласындағы 6516 әскери бөлімінің арнайы жасақ сарбазы:

- Көңіл-күйім өте керемет, жақсы. Дайындалдым, осы күрең беретке қол жеткізу үшін тер төктім, міне, көріп тұрғандай, еңбегіммен жеттім. Шымкент қаласында өзіміздің жасақтың осы күрең берет иегерлері бізді дайындап, бәйгеге ат қосқандай баптап, жақсылап үйретті.

Сонымен, «Бүркіт» арнайы жасағының құрамы 9 әскери қызметкермен толықты. Күрең берет иегерлері енді аса ауыр операцияларда қылмыскерлерді ұстауға қатысатын болады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы