356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда тау-кен құтқарушыларының көпсайысы өтті

  • 91

Қарағандыда қауіпті өндірістік нысандардағы ірі көлемді апаттарды жою бойынша апаттық-құтқару жаттығуы басталды.

Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 7 команда тау-кен құтқару көп-жарысынан сайысып, шеберліктерін шыңдап жатыр.

Тау-кен құтқарушылары дабыл бойынша жылына 200-ге жуық апатты ауыздықтайды. Олар шахтада болатын ірі апаттарды жойып, үйінді астында қалған кеншілерді құтқарады.

Еркен Омаров, «КӘАҚҚ» РМК Солтүстік Қазақстан бөлімшесінің командирі:

- Өрт пен апатты жағдайда әр құтқарушы физикалық, моральдық және психикалық тұрғыда дайын болуы тиіс. Бүгінгі оқу-жаттығудан алып жатқан тәжірибелерімізді шахталар мен ірі өнеркәсіптерде болатын апаттарда қолданамыз.

«Жыл сайын ұйымдастырылатын оқу-жаттығудың басты мақсаты – апаттық-құтқару операцияларын жүргізу деңгейін көтеріп, техногендік ірі ауқымды апатты жоюды жеделдету», – дейді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар бұл шара барысында құтқарушылар заманауи техникалық құралдарды тәжірибе жүзінде қолданады.

Жұмат Өкенов, «КӘАҚҚ» РМК Қарағанды бөлімшесі директорының орынбасары:

- Сабақтар алған соң баға қойылады. Одан кейін жылына бір рет 5-6 топты жинап шахталарға барып оқу-жаттығулар өткіземіз. Бұл оқу-жаттығуларға үздік дегендер жолданады.

Республиканың жеті аймағынан жиналған құтқарушылар 4 күн бойы полигон мен оқу-жаттығу шахтасында дайындықтарын пысықтайды. Аталмыш оқу орталығында жыл сайын 1800-ден астам адам білімін шыңдайды. Айта кету керек, апаттық-құтқару жұмыстарының нәтижесінде жылына орта есеппен алғанда 185 адам құтқарылып, апатты жою орындарында 300-ден астам адамға медициналық көмек көрсетіледі.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы