369.36 436.00 5.46

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада қос дөңгелекті көлік құралдарына сұраныс артты

  • 96

Көлік кептелісіне тап болғысы келмеген елордалықтардың өздігінен жүретін қос дөңгелекті көліктерге қызығушылығы артып келеді.

Әсіресе шағын әрі электр қозғалтқышы бар жылжымлы құрылғыны пайдаланушылар көбейіп отыр. Алайда оны да жүргізудің өз ережесі бар екенін көпшіліктің бірі білсе, бірі біле бермейді.

Мирлан Алтынбек, twitter@mickthatsmynick:

-Былтыр жаяу жүргіншілер қатарына жатқызылған электросамокат қолданушылары биылдан бастап мопед жүргізушілері болып саналады. Осыған байланысты аталған көлік құралын пайдаланушылар не велосипед жолағымен не жол жиегімен жүруі тиіс. Ал тротуарға түскенде, жүргізуші де самокатынан түсіп, жаяу жүруі керек. Оның үстіне жүргізушінің жасы 16-дан асуы қажет.

Ирина Лукьянина, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:

-Жол қозғалысы туралы Заңның 1-бабының 41-тармағына сәйкес іштен жану қозғалтқышы немесе электр моторы бар және жүру жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын екі-үш дөңгелекті көлік құралдарын мопедке жатқызамыз. Алайда электросамокат жүргізу үшін арнайы куәліктің де, шлемнің де қажеті жоқ.

Қала тұрғыны Мақсұт Меделкановтың электросамокат мінгеніне көп бола қойған жоқ. Төрт дөңгелекті темір тұлпары бар болса да, «қос дөңгелекті құрал қала ішіндегі қозғалысқа қолайлы», - дейді ол. Оның айтуынша, іргелес аудандарға тез жету үшін көлікті қозғамай-ақ, самокатты қолдана салсаң уақытты да, жанармайды да үнемдеуге болады.

Мақсұт Меделканов, қала тұрғыны:

-Электр желісі арқылы қуаттап алсаң, 40 шақырымға дейін жетеді. Астанада веложолақтар пайда болғалы көліктің осы түріне қызығушылықтың артқанын 2 ай бұрын байқадым. Ал электросамокат тебушілердің енді жаяу жүргіншілер болып саналмайтындығын мен үлкен мәселе ретінде көрмеймін. Өйткені жарты жыл бұрын қабылданған ереже адам көп жүретін жолдарда көлік оқиғаларының алдын алуға яғни жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.

Бірнеше жыл бойы саудамен айналысып жүрген Гүлнәр электросамокатқа сұраныстың артқанын жасырмады. Тәжірибелі саудагердің сөзіне сенсек, шағын ғана бутиктің өзінде кем дегенде күніне 1-2 электросамокат сатылады екен. «Сатып алушылардың көбі студенттер мен мемлекеттік қызметкерлер. Тіпті соңғы кезде егде жастағы кісілер де қызығушылық таныта бастады», - дейді сатушы.

Гүлнәр Бейсенова, сатушы:

-Осы бутикта біз электросамокат сатамыз. 1 сағатта 30-35 шақырым жүреді. Қуаты 2,5-2 сағатқа жетеді.

Ал сегвей, гироскутер мен монодөңгелек қолданушылар жаяу жүргіншілер болып саналады. Сондықтан оларға велосипед жолағымен де жүруге болмайды.

Айта кеткен жөн, соңғы 6 айдың ішінде екі дөңгелекті көлік құралын қолданушылардың, әсіресе велосипедшілердің қатысуымен елімізде 8 көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 8 адам зардап шеккен, абырой болғанда қаза тапқандар жоқ. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 58%-ға төмен көрсеткіш.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Серікұлы, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы